15.05.2024, 17:00
Оқылды: 74

Жастардың діни сауаты қандай?

Қазақстан халқының 4,2 миллионнан астамы немесе 23% –14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында.

РЕПОРТАЖ (2)

Бөрлі колледжі студенттерінің қатысуымен өткен кездесу – әңгімелесуде жастар көкірегінде жүрген бірқатар проблема сөз болды. Тақырыптық басқосуларға арқау болып жүрген Бөрлі ауданының «Парасат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанат Жәкенов «Бөрлі ауданында діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған іс – шаралар өткізу және ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру» жобасы аясында мазмұнды, тағылымы мол жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жолы да 15-17 жастағы білім алушыларға БҚО дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог мамандары Жансұлтан Сафиуллин, Дастан Абдувалинов қатысушы жастарға Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы аясында түсініктеме беріп, мысалдар келтірді.

РЕПОРТАЖ (3)

Теріс жолға түсіп кетпеудің, идеологияның құрбаны болмаудың өзекті мәселелерінің бірі – отбасыдағы тәрбие. Әке-шешенің, туған-туыстың беретін тәрбиесінің мардымсыздығы немесе ата-анасы толық емес отбасылардан шыққан балалардың, жан жылулығын жанұядан таппай, көшеден іздейтіні тағы бар. Күн-көрістің қамымен жүріп, күйбең тіршіліктің соңына ілесіп, балаға тәрбие беруге келгенде өкінішке орай, салғырттыққа салынып жатырмыз. Ұяда дұрыс тәлім-тәрбие ала алмаған бала, ұшқанда тағдырдың қатал қатпарларына соғылары анық. Осыған орай Бөрлі колледжінің директордың орынбасары Н.Лұқбанова оқу орнында атқарылып жүрген тәрбиелік жұмысқа шолу жасап, кураторлар мен ата-аналардың бірлесе жүзеге асырып жүрген істері жайында әңгімеледі. Күнделікті өмірде кездесіп жататын түрлі жағдаяттардың шешімін тауып, жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беру – аға буынның міндеті.

 

Айжарық Нұр,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале