7.06.2023, 17:10
Оқылды: 31

Жастарға мүмкіндік көп

Бүгін Бөрлі ауданына жұмыс сапарымен облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов келіп, аудан жастарымен кездесті.

WhatsApp Image 2023-06-07 at 13.51.05 (1)

Кездесудің басты тақырыбы «2021 - 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін несие мәселесі болды. Кездесуге ауданның жұмыссыз жастары, өз ісін бастағысы келетін жандар мен мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көрген жас бөрліліктер қатысты. Кездесуде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Исатай Мыңбаев сөз алып, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды толығымен түсіндіріп берді.

Жалпы биыл аудан бойынша 21 мен 35 жас аралығындағы 29 жасқа шағын несие беру көзделіп отыр. Бүгінгі күнге дейін ауданның жұмыспен қамту орталығына несие сұрағы бойынша 55 адам жолығып, қазіргі таңда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға тоғыз адамның кұжаты тапсырып, қаралуда. Аудан бойынша «Бизнес бастауды» оқуға 56 жас жолданып, оқу бітіргеннен кейін бір жас  жаңадан бизнес ашуға несие алды. Ал төрт жас ұлттық оюлары бар көрпеге тыс тігу, мал, құс шаруашылығын дамыту, автокөліктерге тыстар тігу, сұлулық, фото салонын ашу үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алды.

WhatsApp Image 2023-06-07 at 13.51.04

Кеңтүбектік жас Жасқанат Оразғали өзінің кәсібін бастау үшін мемлекеттен 2,5 пайызбен несие алып, ісін бастап жатқандардың бірі. Жиында жастарға берілген мүмкіндіктерді айта келген Жасқанат, құжат жинаудағы кедергілер туралы да айтып берді.

- 5 млн теңге несие алдым. Бұл қаржыны мен 7 жылдың ішінде мемлекетке қайтаруға тиіспін. Дегенмен бұл біздер, яғни жастар үшін үлкен мүмкіндік. Мен етті бағыттағы мал басын көбейткім келеді. Бұл қаражатқа жақын күндері 14 бас мал сатып аламын. Болашақта ірі шаруа қожалығы болып, осы саланы дамытқым келеді. Құжат рәсімдеу кезінде қиындықтар болды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мамандары тарапынан құжаттарымды түзетуі көп болды. Сондықтан облыс орталығына бірнеше рет баруға тура келді, - деді.

WhatsApp Image 2023-06-07 at 13.51.02

Жиында «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысқан жас мамандарда қатысып, тұрғын үй сатып алуға берілетін несиенің мөлшері аз екендігін айтып қалды.

- Ақсайдың жастарын жан-жақты дамыған, білімді, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде білемін. Қазір жастар қарап отырмауы керек. Мемлекет берген мүмкіндікті барынша пайдаланып, жұмыс жасап, кәсіп ашу керек. Біз сіздермен кездесуге сол үшін келдік. Жастар ауылды көркейтуге күш салуы керек. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қалаға жақын орналасқан ауылдардан үй сатып алудағы қиындықтарды біліп отырмыз. Қазір осы бағдарламамен үй сатып алу үшін жас мамандарға берілетін несиенің көлемін 1500 АЕК-тен, 2500 АЕК дейін ұлғайтуды қарастырып жатырмыз, - деп атап өтті Бақытжан Нарымбетов.

Кездесуде «Дипломмен ауылға» жобасын Ақсай қаласына енгізу мәселесі де сөз болды. Жалпы бағдарлама арқылы ауданда 2009 жылдан 2022 жылға дейін 641 маман көтерме жәрдемақы, ал 334 маман несие алған.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале