15.09.2022, 11:30
Оқылды: 49

Жастарға жол ашқан жарқын жоба

Жастар - қай заманда, қай елде болмасын, елді алға сүйрер ұлы күш иелері.  Олар қоғамда өз ойын еркін жеткізетін, қалағанына қол жеткізуге күш салатын жаңаша идея авторлары.

IMG-20220912-WA0086

Ал қоғам һәм мемлекет жастарды қолдауға жұмыстанып жатыр. Қазіргі таңда кәсіп бастаймын деген жандарға да, ерте жастан еңбекке араласам деген жастарға да мемлекеттен мүмкіндіктер жетерлік. Оған қоса Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келер жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз қажет. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5% болатын шағын несие беріледі», - деп жақында ғана жарық көрген Жолдауында да жастарды қолдау мәселесін назардан тыс қалдырған жоқ.

IMG-20220912-WA0084

Теректі ауданында да жастарды жұмыспен қамту мақсатында айтарлықтай істер атқарылуда. Соның бірі - «Жасыл ел» еңбек жасағы.

2005 жылдан бері жүзеге асып, еліміздің тек қана гүлденуі мен тазалығын сақтауға ғана емес, өскелең ұрпақты тәрбиелеп, жастардың еңбектенуі мен бойларындағы патриоттық рухты көтеруге үндейтін жобаға соңғы үш жылда Теректі ауданы бойынша 150 жас қатысты. Биыл сарбаздар саны 80-ге жетіп, екі кезең аралығында Подстепный, Шағатай, Ақжайық, Жаңа Өмір ауылдық округтерінде қызмет қылды.

​Маусымның аяқталуына орай еңбек жасағында жұмыс істеген теректіліктермен тілдескен едік.

«Қатарымыздың көбейгенін қалаймын»

Аудан орталығынан шалғайда жатқан Шағатай ауылының тұрғыны Назерке Әбдірахмановаға жасақ қатарында болған қатты ұнапты.

Назерке Самиғоллақызы - «Мақсат» Орал Жоғарғы медициналық колледжінің 2-курс студенті. «Жасыл ел» туралы бұрыннан естіп жүрсе де, тек биыл ұсыныс тастапты. Екінші маусымда жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болған ол:

«Жасыл елде» қызмет ету мен секілді студенттерге өте ыңғайлы. Қалтаға ешқандай салмақ салмайды. Бұл жасақта жұмыс істеп жатқанымды көрген достарым қызығушылықпен қарады. Биылғы жазымды құр өткізбегеніме, ауылдардың абаттануы мен тазалығына үлес қосқаныма қуаныштымын. Осындай керемет жобаның жыл сайын жалғасын табуына тілекшімін. Ауыл жастарына көп орын бөлінсе деген ұсынысым да бар. Қатарымыздың көбейгенін қалаймын. Туған жерінің дамуына, гүлдей жайнауына титімдей болсын үлесі тиген жас ұрпақтың болашағы зор болмақ», - деп өз ойымен бөлісті.

IMG-20220912-WA0082

«Жасыл ел» - достық мекені

«Жастармен жүрсен, өзіңді солар секілді сезінесің. Олардың түсінігі, дүниетанымыөте ерекше»,- дейді өзі де, көңілі де жас подстепныйлық жетекші Гүлім Мырзахан.

-Биыл 13 маусымнан бастап Подстепный ауылында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының 40 сарбазы көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Саябақ, жағажай, жол бойындағы қалдықтарды жинады. Командамдағы жастар ешқандай қарсылық танытпастан тапсырылған жұмыстарды дер кезінде орындады.«Жасыл ел» - тек қана еңбек ету емес, достық алаңы. Топтағы жасөспірімдер бір-бірімен достасып, тіл табысып кетті. Әр күніміз естен кетпес оқиғаларға толы қызықты өтті. Осындай еңбекқор жастармен жұмыстанып, тәжірибе алғаным мен үшін мәртебе ,- деп ағынан жарылды Гүлім Бағдатқызы.

«Жас келсе – іске»

«Жасыл елде» қызмет еткен жастармен сұхбаттасып, пікірлерін білген соң, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұрсұлтан Кәдірғалиевтен «Жастардың жұмыс істеуге зауқы бар ма?» деп сұрадық.

IMG-20220912-WA0089

Орталық басшысы:

- Аудан бойынша «Жасыл ел» жасағында жұмыс істегісі келетін жастардың саны жыл сайын артып келеді. Жұмысқа деген құлшынысы, ынтасы ерекше теректіліктер үшін жылдағы дәстүрден танбай, жұмыс жасағын құрдық. Барлығы сәтті өтті. Алдағы уақытта жұмысшылар санын көбейту ойда бар. Жастарды қолдауға әрдайым дайынбыз. Президентіміздің жастар саясатына деген сенімі үлкен жауапкершілік жүктеп, нақты істерге жол ашып отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бізде округтердегі жастармен тығыз жұмыстанатын боламыз, - деп еңбек етуден қашпайтын жастар жайында айтып, көңілімізді марқайтты.

P.S. Жастық шақтың естелігі – алғашқы жұмыс. Көп жандарға ең бірінші еңбектің дәмін татқызып жүрген «Жасыл ел» еңбек жасағы жандана берсін деп тілейміз!

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале