Халықаралық жастар күніне орай «Jastar Fest-2026» фестивалі орталық алаңда думандатып өтті.

Аудан басшысы Әлия Мұханбетжанова аталған іс-шарада бой көрсетіп, жастарды құттықтап сөз сөйлеп, Теректі ауданының өз саласында жетістікке жеткен белсенді, ерікті және үздік жастарын марапаттады. Әлия Биғазықызына да жастар өз ілтипатын білдіріп, гүл шоғын табыстады.

Іс-шара аудан өнерпаздарының әншашуымен жалғасын тауып, әнмен әрленген әдемі кеш ұсынды. Кеш қонақтары болып Республикалық байқаулардың жүлдегері Елжас Мағзом, Айбек Дәулетқалиев, “Дос” тобы және тыңдарман сүйіктісіне айналған жерлесіміз Алина Герц өнер көрсетті.
Сондай-ақ орталық алаңда ұлттық тағамдар жәрмеңкесі және дәмді тағамдар саудасы қызу жүріп жатты.

Кеш барысында Жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Алтымбекұлы сахнаға шығып, әлеуметтік желідегі байқаудың жеңімпазын атап, ұтысқа тігілген ұялы телефонын табыстады. Сонымен қатар белсенділік танытқан жастар да құр қол қайтпады. Фестиваль мерекелік атмосфераға, қызықты сәттерге толы болды. Атап өтсек, көңілді ойындар ойнатылып, алғыр қатысушылар сыйлыққа кенелді.
Теректі тұрғындары думанды кештің куәсі болып, іс-шара мерекелік отшашумен аяқталып, орталық алаң би кешіне ұласты.
Қ.ҚАЛАМ
Теректі ауданы