12.12.2019, 21:42
Оқылды: 28

«Жастық жігер – 2019» жастар сыйлығы табысталды

Жыл сайынғы дәстүр бойынша «Жастық жігер – 2019» Ақжайық аудандық жастар сыйлығын табыстау фестивалі өтті.

DSC_0162

Әр салада айтарлықтай қызмет етіп, жыл бойына үздік еңбек үлгісін көрсете білген жастарды марапаттау рәсімінде 9 түрлі аталым және арнайы «Жұбан елінің мақтанышы» аталымы бойынша үздіктер анықталды.

Салтанатты жиынның ашылу рәсімінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Жандос Сұңғатов сөз сөйлеп, қатысушыларды келе жатқан мерекелерімен құттықтады. Биылғы марапаттау рәсімі ұлы мамандық иесі ұстаздардан басталды. Зал төріне білім саласында еңбегі елеулі, жыл сайын үздік шәкірттер түлеп ұшатын Абай атындағы мектеп-гимназияның директоры Светлана Оразова шақырылып, жылдың «Үздік ұстазы» анықталды. Марапатқа М.Әуезов атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Жансая Елеусінова ие болды. Жансая бұған дейін республикалық КИО олимпиадасының жеңімпазы атанып, облыстық Еңбек жолы байқауының «Үздік жас маман» аталымын иеленген екен. «Үздік студент» аталымына ие болған Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің студенті Ермұрат Ерболатовты ардагер ұстаз Дәулетжан Жақсыбаев марапаттады. «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» номинациясын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Бейімбет Ғиззатов иеленді  Марапатты «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева табыстады. Ал Мерген ауылдық округінің фельдшері Мұстафа Елемесов «Үздік жас дәрігер» аталымына ие болып, ізбасарын марапаттау құрметі медицина саласының майталманы Галина Карабалинаға берілді. Айта кету керек, Мұстафа өткен жылы Мерген ауылында газдан уланған бір отбасын аман алып қалған екен.

 «Үздік жас маман» номинациясын аудандық ветеринария станциясының маманы Нұркен Жұмағалиевке аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев тапсырды. Ақжайық өлкесіне танымал азамат Құрман Бисеғалиев мәдени-демалыс орталығының қызметкері Алтынбек Базаровқа «Үздік жас өнерпаз» аталымын табыстады. «Үздік жас кәсіпкер» аталымы бойынша «Zhas Project» жобасының грант иегері Тимур Сүлеймен марапатталып, аталымды табыстау құрметіне аудан бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрболат Жаңатауов ие болды.

«Үздік жас құқық қорғау қызметкері» аталымын осы саланың ардагері Мұрат Мушагалиев аудандық пробация қызметінің инспекторы Тынышбай Мұқанға тапсырды. Спорт ардагері Жігербай Қажығалиев «Үздік спортшы» номинациясын спорттық туризмнен ҚР спорт шебері, жаяу және велотуризмнен ел чемпионатының жеңімпазы Әди Темірболатқа табыстады.

Шара соңында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов жастарды мерекелерімен құттықтап, оларға жасалып жатқан қолдау, мүмкіндіктерін ашып, даму көкжиегін кеңейтетін мемлекеттік бағдарламаларға тоқталып өтті.

– Дана халқымыз «Ақыл жастан, асыл тастан» деп бекер айтпаған. Әр кезде де халқымыз жастарға үміт артып келеді. Қазіргі қоғамда жастардың ұсынысы басты назарда, түрлі жобалар мен бағдарламалар жарық көруде. Жастар жылында да түрлі игі істер атқарылды. Бүгінгі марапаттарыңызбен сіздер өз еңбектеріңізді көрсетіп қана қоймай, өскелең ұрпаққа да үлгі бола білдіңіздер. Марапаттарың құтты болсын!, – деді аудан әкімі. Сонымен қатар аудан басшысы самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Болатбек Райымқұлов, самбодан ел чемпионы Армат Қабдолов және жас әнші Мейрамбек Жұмаевты «Жұбан елінің мақтанышы» аталымымен марапаттады.

«Жайық таңы» ақпарат

суреттерді түсірген Мұстафа Бекей

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале