Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев аудан басындағы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздарымен кездесті.
- Ауданымыздың көркеюі, абаттандырылуы ай бойы сіздердің мойындарыңызда. Еңбектеріңіз жемісті болу үшін жұмысқа салғырт қарамай, жауапкершілікпен, туған жерге деген жанашырлық сезімімен жұмыстансаңыздар екен деген тілегіміз бар, - деді ағынан жарыла Артур Мұратұлы.
Бүгінгі таңда аудан орталығы Жымпитыда он сарбаз, Бұлдырты ауылдық округінде бес сарбаз еңбек етіп жүр.
Еңбек кодексіне сәйкес 18 жасқа толмағандардың жұмыс уақыты 7 сағат 20 минутты (9:00-17:20), 18 жасқа толғандардың жұмыс уақыты 8 сағатты (9:00-18:30) құрайды.
«Жасыл ел» сарбаздарының жалақысы 73 539 теңге болса, оның 70 мың теңгесін Жымпиты ауылдық округі әкімдігі төлейді.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz