28.10.2022, 11:46
Оқылды: 52

«Жауынды күз» таныстырылды

Сырым ауданында ақын Кәкім Самиховтың "Жауынды күз" атты тұңғыш жинағы таныстырылды.

L58A1352

Кәкім Самихов - Жымпиты өңіріндегі айтыстың көрнекті өкілі. Оның есімі Жаңыл Жұрмағамбетова, Асқар Сұлтанов сияқты ақтаңгерлермен қатар аталады. Кәкім тек айтыста ғана емес, поэзия менен журналистикада да жарық із қалдыра білді. Әсіресе, оның өлеңдеріндегі табиғат тілі мен лирикалық иірімдер оқырманды баурамай қоймайды. «Қия алмай жүрмін кіндік жұрт, туған ауылды...» - деп жырлаған ақын ауылда қарабайыр ғұмыр кешті. Өкініштісі сол, дала таланты кейінгі жылдары іздеусіз, жоқтаусыз қалды.

L58A1390

Ақынның туған жері - Жетікөл ауылдық округіндегі шараға Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов, ақын, Қ.Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, ҚР Жазушылар Одағының БҚО филиалы төрағасы Бауыржан Халиолла қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Кәкім Самиховтың жары Ақкенже анамыздың иығына қамзол - шарқат жапты.

Тұсаукесер рәсімінде ақын, журналист, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Махмет Қажиахметов, әнші - термеші, М.Құлжабай атындағы медаль иегері Мұхамбет Мамықов, белгілі жазушы Бақтығұл Ойшыбаевтың жары Манира Ойшыбаева сөз сөйледі.

Кәкім ақын адам өмірін жыл мезгілдеріне ұқсатқан. Әсіресе, оның жаны «қарашаның қанатында қалықтаған» күзге құмар.

- Әйтеуір күзім болғай деп әлі жауынды,

Күтемін алдан түйдектеп соққан дауылды, –

деп жырлайды өзі.

Ақынның жыры – жанының жауыны. Сондықтан да, Кәкім Самиховтың алғашқы жыр жинағына «Жауынды күз» деген ат берілді.

Жинақты баспаға Ж.Ерман атындағы айтыс мектебі дайындады. "ШұғылаПринт" баспаханасында басылды. Құрастырған - ақын, журналист Бауыржан Ширмединұлы. Игі бастамаға Самиховтар және Ізтілеуовтар әулеті демеушілік етті.

Б.Шерім,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале