31.01.2025, 11:15
Оқылды: 156

Жазбаев жүрегімізде...

31 қаңтар — танымал қаламгер, ақын Темірғали Тілепбергенұлы Жазбаевтың туған күні.

Республикалық, облыстық, аудандық аға басылымдардың атаулы жылдары аталынып өтіп, бүгінгі таңда тарих қойнауына ой жүгірту арқылы өткенді еске алып жатырмыз. Газет - жүйрік журналистерімен жағымды, ойлы оқырмандарымен бай болатынын көзі қарақты жандар жақсы біледі. Онда әр жылдары жемісті еңбек етіп, журналистік жолдарын жұлдыздай жарқыратөан талай жайсаң жандардың іздері самаладай сайрап жатыр. Еш нәрсені назардан тыс қалдырмайтын талғампаз оқырмандар болса өздерінің сүйікті авторларын сағынышпен еске алып, әлі күнге дейін талмай іздеп отырады. Баспасөз — мерзімді басылым болғандықтан онда сан-салалы тақырыптарға қалам тербейтін әмбебап журналистердің қатары тез анықталып, оқырмандар жүрегіне бірден жол тартушы еді. Сондай қарымды қаламгердің бірі әрі бірегейі — Жазбаев Темірғали Тілепбергенұлы болатын.

WhatsApp Image 2025-01-31 at 12.10.27
Темірғали Жазбаевтың қаламынан туындаған сан-алуан мақалалары газетке жарияланылсымен оқырмандар тарапынан бірден өз бағасын алып, ауыздан ауызға тез таралып жатушы еді. Жазбаев жанр талғамайтын журналист есебінде көптің көңілінде қалған қарымды қаламгер. Ол қай тақырыпты қозғаса да айтар ойын көп шұбыртпай оқырманына қысқа да нұсқа жеткізуші еді. Ол жәй хабардан бастап, салмағы ауыр фельетон-сатираға дейін еш қиналмай еркін жаза алатын және жазғанын сан түрлі жолдармен қызықты етіп, жеңіл жеткізетін шебер журналист еді. Жазбаевтың қаламына іліккен кейіпкерлер мақталса да әділ мақталып, сыналса да қатаң сынға ұшыраушы еді. Осыдан кейін ел арасында «Жазбаев жазбайды, жазса қоймайды» деген тәмсіл кең етек алып, соңы тұрақты мәтелге айналып кеткен-ді.

WhatsApp Image 2025-01-31 at 12.11.08

Темірғали Тілепбергенұлы — кең жүректі, кісілігі мол тамаша жан тұғын. Ол Жалпақтал жерінде бүтін бір журналистер мектебін қалыптастырған Ұлы тұлға еді. Оның қаламгерлік жолдағы төл шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп, қалың көпшілікке кеңінен танылып жүр.

WhatsApp Image 2025-01-31 at 12.11.52

Темірғали Жазбаевтың адалдығы мен азаматтығын жоғары бағалаған сол кезде ауданда бірінші хатшы бола жүріп Социалистік Еңбек Ері атанған Кенжебек Меңдәлиев пен басқа да аудан басшылары оны зор ықыласпен құрметтеп, шығармашылықпен жұмыс жасауына еш бөгет жасаған жоқ еді. Жазбаев Темірғали Абай шығармаларын толықтай жатқа білген еліміздегі жалғыз ақын болатын. Ол өлеңдерін көбіне Абайдың стилімен жазатын еді.
«Жан мен тән ар менен ұят аманатың,
Шықпасын бұл фәниде жаман атың.
Алса да бәрін тонап мынау заман,
Бойыңда қалсан иман, қанағатың» деген өлеңін бүгінде ауыл жастары түрлі жиын-отырыстарда жатқа айтып жүр.
Ойға ой қосып, жалғай берсек Жазбаев туралы естеліктер өте көп.  Ол өз кезегінде бір газетте ширек ғасыр бойына үзілізсіз басшы болған жалғыз редактор. Оның есімі аудан тарихында алтын әріптермен жазылып қалуы тиіс. Осындай ниетпен ол өмірден өткеннен кейін өзі тәрбиелеген шәкірттері үлкен бастаманы қолға алып, Темірғали Тілепбергенұлының құрметіне «Жазбаев жанры» атты облыстық ақындар мүшәйрасын тұрақты өткізуді бір жолға қойды. Қазір аталмыш мүшәйраға өңірдегі ақындар жас ерекшелігіне қарамай көптеп қатысып, өтетін уақытын да  тағатсыздана күтетін жағдайға жетті. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген нақыл сөз осындайда айтылса керек. Жайсаң жандар есімі ұрпақ жадынан  өшпесін...

Қыдыр Харесұлы, 

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале