Бәйтерек ауданы Дариян ауылында "Заң және тәртіп" қағидаты аясында "Болашағың өз қолыңда" атты жоғары сынып оқушыларымен кездесу өтті.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен болған жиынға Абай мектеп-гимназиясының және Дариян орта мектебінің 9-11 сыныптардың оқушылары қатысты.

Жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыруды, құқық бұзушылықтың алдын алу және оның салдарын түсіндіруді мақсат тұтқан кездесуге мемлекеттік, құқық қорғау құрылымдары мен медицина саласының өкілдері келді.

-Жылдағы дәстүрге сәйкес, тағы да басқосып отырмыз. Мұндағы мақсат – жазғы уақытта оқушылардың демалысын тиімді ұйымдастыру. Тоғыз ай бойы, яғни 1 қыркүйектен бастап 25 мамырға дейін оқушылар мұғалімдер бақылауында болады. Ал жазғы демалысты тиімді ұйымдастыруға ол тек мектеп емес, жергілікті атқарушы құрылым, спорт нұсқаушылар, мәдениет қызметкерлері де атсалысады, - дейді жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.

Кездесу барысында аудан прокурорының орынбасары Әділет Әбу жасөспірімдерге құқықтық сауаттылықтың маңыздылығын түсіндіріп, заңнамадағы негізгі ережелер мен құқық бұзушылық түрлері жайлы айтты. Ал Приурал полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Нұргүл Бисалиева құқық бұзушылықтың алдын алу, тәртіп сақтау және жасөспірімдердің жауапкершілігі туралы баяндама жасады. Аудандық №2 ауруханасының наркологы Бауыржан Асанов пен психолог Тимур Ғабдуллин жастарға нашақорлықтың, зиянды әдеттердің салдары, суицидтің алдын алу, эмоциялық тұрақтылық пен отбасылық қарым-қатынас мәселелері бойынша кеңес берді. Аудандық мансап орталығының директоры Нұрсәуле Есенғалиева оқушыларға кәсіби бағдар берудің маңызын түсіндіріп, skills.kz платформасы арқылы білім алуға болатыны жөнінде ақпарат ұсынды.
Оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, оған жауап пен кеңес алды.
Дина Ахметова,
Бәйтерек ауданы