Ауыл спорты – ұлт саулығының діңгегі. Переметный ауылында өткен "Ақ бидай – 2025" облыстық VIII ауыл спорт ойындарының аудандық іріктеу кезеңі бәйтеректіктердің ынтымақтастығының, ұйымшылдығының, елге деген жанашырлығының, физикалық және рухани тұрғыдан осал еместігінің тағы бір дәлеліндей болды.

Іріктеу кезеңінде 20 ауылдық округтен келген командалар асық ату, бес асық, садақ ату, қазақ күресі, қол күресі, гір көтеру, тоғызқұмалақ және волейбол, шағын футбол секілді спорт түрлерінен сынға түсті. Әр спортшы тек бір спорт түріне қатыса алатын жаңа ереже жарысқа тың серпін беріп, әділ бәсекелестік тудырғанын да айта кеткен жөн.
– «Ақ бидай» - бұл тек спорттық жарыс емес. Бұл – туған жерге деген сүйіспеншіліктің көрсеткіші десе болады.

Осыны түсініп, ауылының намысын қорғау үшін келген әр азаматқа шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Жүрек туған жері үшін соққанда ғана адам нағыз патриотқа айналады. Осы жерде тұрған әр спортшы өзінің елге деген құрметін дәлелдеуде, – деп жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев Бәйтерек спортына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттады.

Олардың арасында шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Нұрхаев, гір көтеруден Азия чемпионы Виталий Бырко мен шәкірті Диана Құлымбетова, қазақ күресінен облыс чемпионы Нұралы Науанов бар.
Жарыста ұлттық спорт түрлеріне жіті мән берілді. Мәселен, тоғызқұмалақтан 12 округтен келген 20-ға жуық спортшы сынға түсті. Швейцария жүйесі бойынша бес кезеңнен өтіп, ең жоғары ұпай жинағандар облыстық деңгейге жолдама алды.

Қол күресіне қатысқан Атамекен ауылдық округінің Қайнар ауылының тумасы Саид Жұмағалиев жарысқа жақсы дайындықпен келген. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол бұл спорт түрімен екі жылдан бері айналысады екен. Осы уақыт аралығында аудан көлеміндегі түрлі жарыстарға қатысып, тәжірибе жинауда. Болашақта ауданның намысын абыроймен қорғайтынына сенімді.
Жарысқа қатысушылардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Жас та, жасамыс та өз шеберліктерін паш етті. Солардың бірі – сұлукөлдік Бекжаным Тұрашева. Ол сайыста үстел теннисінен бақ сынады. «Олимпиадалық жүйе бойынша өткен жарыста қарсыластарым мықты болды,-дейді ол.- Үстел теннисімен 6 жасымнан айналысып келемін. Қазіргі уақытта Орал қаласындағы теннис мектебінде жаттықтырушымын. Бұл жарысқа жастармен бірге үлкендердің де белсене қатысуы қуантады. Мысалы, 62 жастағы апамыз жартылай финалға дейін жетіпті. Бұл – нағыз үлгі».

Іріктеу кезеңінің қорытындысына сәйкес командалық есеп бойынша Көшім ауылдық округінің командасы үздік атанды. Атамекендіктер күмістен алқа тақса, үштікті байқоныстықтар түйіндеді. Жарыс жеңімпаздары енді 5–9 тамыз аралығында өтетін облыстық кезеңде аудан намысын қорғайтын болады.
Салтанат Серікбайқызы,
Бәйтерек ауданы
Нұржан Дүзбатыр, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
-Биыл облыс көлемінде алғаш рет ұлттық лига өткізілді. Онда ұлттық спорт түрлері қамтылды. «Негізі «Ақ бидай – 2025» ойындарына дайындық жайлы тапсырма түскен бойда, яғни сәуір айынан бастап іріктеу кезеңіне жоспарлы түрде дайындық басталды. Белгілі себептермен екі ауылдық округ қатыса алмағанымен, олардың спортшылары басқа округтердің құрамында бақ сынады. Бұл – ауданның біртұтастығын білдіретін көрініс. Жарыс қарқынды өтті. Командалар жарысқа ерте әрі жақсы дайындықпен келді. Тағы бір ерекшелік – қатысушылардың басым бөлігі жастар. Бұл – болашаққа деген үлкен үміт.
