18.11.2025, 23:00
Оқылды: 27

Жеке инвестиция тарту – аса маңызды міндет

Президент тапсырмасына сәйкес, жеке инвестиция тарту жұмыстары Бәйтеректе қарқынды жүруде. Белес ауылдық округі аумағында екі ірі зауыт құрылысына дайындық жұмыстары басталды. Оның бірі – таяуда капсуласы салынған метанол зауыты, екіншісі – ГТС құрылысы, бұл жобаның мақсаты – Орал қаласының солтүстік-шығыс бағытын Белес арқылы электр және жылумен қамтамасыз ету. Жоба құны – 99 млрд теңге, метанол зауытының құны – 77 млрд теңге. Құрылысты келер жылы бастау жоспарлануда.

IMG-20251118-WA0010
Бұл туралы аудан әкімі Марат Тоқжанов Зеленый, Егіндібұлақ, Атамекен және Шалғай ауылдық округтері тұрғындармен болған есептік кездесу кезінде баяндады.

IMG-20251118-WA0014
- Инвестиция демекші, биылғы жоспар бойынша ауданға 53,8 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделсе, қазіргі уақытта 40 млрд теңгеден астамы тартылды. Жыл соңына дейін жоспарланған межеге жету күтілуде. Сонымен қатар, шешімін күтіп тұрған мәселелер де жоқ емес. Оның бірі - шайынды суды тазалап, қайта пайдалану жұмыстары. Бұл үшін Дариян ауылдық округында Қытайдан әкелінген арнайы құрылғы орнатылып, тиімділігі бақыланады. Екінші мәселе – электр жүйелерінің тозуы. Қазіргі таңда қолда бар қаржы арқылы ескі бағандар мен сымдар біртіндеп жаңартылуда. Биыл Янайкин, Құрманғазы, Володар және Новенький ауылдарының электр желілері жаңартылып, жұмыс аяқталу үстінде,-деді Марат Лұқпанұлы.
Зеленый ауылдық округінің әкімі Ізғали Сапарғалиев округ аумағында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның ішінде жол инфрақұрылымын жаңарту, көпірді жөндеу, көше жарығын орнату, ауылға кіреберіс арканы салу сияқты бірқатар маңызды жобалар бар. Биылғы қыркүйек-қазан айларында ұзындығы 1700 метр болатын айналма жолдың құрылысы толық аяқталған. Аталған жол бойындағы көпірге 17,5 млн теңге қаржыға күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар ауылда 67 жарық шамын орнату жұмыстары іске асқан.

IMG-20251118-WA0013
Бәйтерек ауданының құрметті азаматы, зейнеткер Амангелді Мыңбаев округте жүргізіліп жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, тұрғын үйлер жаңартылып, азаматтар кезек арқылы баспана алып жатқанын көру – үлкен қуаныш. Ақсақал «үлгілі көше», «үлгілі үй» сияқты бастамаларды қайта жандандыру қажеттігін айтып, тәрбие мен тәртіпке баса мән беруді ұсынды.

IMG-20251118-WA0011
Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Ринат Ескендіровтің айтуынша, соңғы кезеңде салық түсімі артып, шаруа қожалықтарының жұмысы жанданып келеді. Көше жолдары жаңартылып, жұмыссыздық деңгейі біртіндеп төмендеуде. Алайда округте сырттан әкелінген арзан малдың бруцеллез ауруын тарату дерегі тіркелген. Мал уақытылы карантинге қойылмаған, ортақ табынға қосылып кеткен. Бұл талаптардың орындалмауы ел ішіндегі эпизоотиялық ахуалға қауіп төндіретіні атап өтілді.
Ал Атамекен ауылдық округінің әкімі Фархад Үмбетқалиев жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды, экологиялық ахуалды жақсарту және өңір қауіпсіздігін дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда екенін айтады. Мәселен, Атамекен ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигоны қалпына келтірілген. Сонымен қатар Қайнар және Гремячий ауылдарындағы ҚТҚ төгілетін орындар реттеліп, санитарлық талаптарға сәйкестендірілген. Атамекен ауылының орталығында орналасқан иесіз, апатты жағдайда тұрған нысан толықтай бұзылып, орны тазартылған. Көктемгі су тасқыны салдарын жою мақсатында бөгет қалпына келтіріліп, ауылға кіреберіс жол, су өткізу жүйесі жөнделген. Ауылдық округтің орталық спорт алаңы жөнделіп, алаңға жарық шамдары орнатылған. Атамекен және Қайнар ауылдарында электржелісінің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында желіге кедергі келтіріп тұрған терек бұталары кесілген.
Шалғай ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Қонашевтің сөзінше, округтің биылғы бірінші тоқсанға арналған бюджеті 47,1 млн теңгені құраған. Қыркүйек айында ауылдың кіреберісіндегі саябақты қоршау жұмыстары жүргізілген. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 21 сенбілік ұйымдастырылып, жыл бойына жоспарланған 1000 түп ағаш отырғызу міндеті толық орындалған. Ауылда әлеуметтік жағдайы төмен және тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға арналған тұрғын үйлер құрылысы аяқталып, көшелері асфальтталған, сондай-ақ барлық әлеуметтік нысандарға жақын орналасуы қамтамасыз етілген. Тұрғын үйлер алдағы уақытта тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға беріледі.
Өз кезегінде сөз алған аудан прокуроры Алмас Меңлібаев қазіргі таңда ел бойынша интернет алаяқтық мәселесі өршіп тұрғанын мәлімдеді. Жыл өткен сайын алаяқтықтың түрлері мен тәсілдері көбейіп, алданушылар саны артқан. Тек Бәйтерек ауданы бойынша бір жылда алаяқтар 1 млрд теңгенің төрттен бірін қолды қылған. Осыған байланысты прокурор ауыл тұрғындарын барынша сақ әрі мұқият болуға шақырды. Осы кезде пікірін білдірген Зеленый ауылының тұрғыны Людмила Локтева құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне алғысын білдірді. Өйткені, алаяқтардың несиені мойнына іліп, залал келтіру әрекетінен қарияны «»егов кз» қосымшасындағы несиеден бас тарту мүмкіндігі қорғап қалған.
Жалпы осы кездесулер барысында аудан басшысы коммуналдық қызмет сапасы, жол жөндеу, электр желілерін жаңғырту, медициналық қызметтің қолжетімділігі бағыттары бойынша жергілікті тұрғындардан түскен сұрақтар мен ұсыныстарды тыңдап, нақты жауаптар беріп, көтерілген мәселелерді шешу бағытында тапсырмалар жүктеді.

Гүлжаз Баделова
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале