21.12.2021, 12:30
Оқылды: 72

Жеңімпаздар қатарында

Бәйтерек ауданы спортшылары Қостанай қаласында өткен республикалық спорттық бағдарлау жарысынан жүлделі оралды.

22

Осымен үшінші рет ұйымдастырылған республикалық қысқы ауыл жасөспірімдері ойындарының спорттық бағдарлау жарысына Батыс Қазақстан және Алматы, Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген командалар қатысты.

Жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, бұқаралық спортты дамыту және спорттық бағдарлауға деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған сайыс «Командалық эстафета», «Ұзақ»,  «Орта», «Спринт» қашықтықтары бойынша оздырылды.

20
Жүзден жүйрік, мыңнан мықты танылып, ел көлемінде облыс намысын қорғаған бағдарлаушылар 6 алтын, 4 күміс, 4 қоламен еншілеп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді.

21

Әсіресе,  жас туристтер станциясының педагогтары Сырым Бекешов пен  Сергей Щербаньның қол астында жаттығатын Янайкин округінің спортшылары жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Атап айтар болсақ, «Орта» қашықтықта он бес спортшы арасында шеберлігімен көзге түскен Майя Умбеталиева үшінші орынға жайғасса, жан-жақтылығымен дараланған Ерасыл Серікұлы шыдамдылықты қажет етер "Ұзақ" қашықтықта екінші, "Орта" және "Спринт" қашықтықтарында шашасына шаң жұқтырмай жеңімпаз атанды.

19

-Жарыста бәсекелестік өте жоғары болды. Бір аталым бойынша жас шамаларына қарай кем дегенде он спортшы сынға түсті. Республикалық деңгейдегі жарыстан жүлделі орын алған янайкиндік спортшыларымызбен мақтанамыз,-дейді бапкер Сырым Бекешов.
Жарыс жеңімпаздарына диплом, медальдар мен арнайы кубоктар табысталған.

Назерке Сыйлыбаева, 
Байтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале