Бүгін Алғабас ауылы Жеңіс мерекесінің құрметіне дала төсінде ат шаптырып, балуан күрестіріп, ұлан - асыр той жасады.
1941 - 1945 жылдар аралығындағы соғыста Кеңес Одағының Германияны тізе бүктіруі - тарихи шындық. Заман ауысып, дәуір жаңарып, бұл тарихи оқиға басқа қырынан бағалануда. Дегенмен, ерлік ескірмейді. Берлинге барар жолда қазақтардың қаны бар. Жеңіс мерекесі -бабалар ерлігінің мерекесі.
Тойды салтанатты түрде ашқан Алғабас ауылдық округінің әкімі Өркен Әменов те қазақтың әр үйінде майдангер атаның, тылда тынымсыз еңбек қылған ананың болғанын, жеңіс - сондықтан қадірлі, сондықтан қымбат екенін айтты.
Бәйгетөбенің басындағы төрешілер ең әуелі жарыс жолына тайларды салды. Көздіғараның атынан шапқан Ақмоншақ қараның арасынан дара шықты. Шабандоз - Ақберен Мақсот.
Құнандар бәйгесінде Талдыбұлақтық атбегі Абзал Өтегеновтың Асылжирені нағыз шабыс көрсетті. Жалды жүйрік түгілі, желден озған жирен мәреге бірінші болып келді. Ал, аламандағы арпалыстың жөні бөлек. “Ал, шабыңдар!” деген айқайдан кейін жүрдек, жүрісті 7 арғымақ арқырап аға жөнелді. Алда - алты шақырым.
Алғашқы екі айналым жалпы жарыстың штрихін ашқандай. Шалқар жағасынан келген Тарлан мен Бұлдырты бойынан шыққан Дулыға қатарласып топ бастады. Алдынғысының иесі - сарыөмірлік Бақытжан Сатыбаев. Кейінгісінің иесі - бұлдыртылық Мейрам Аманбаев. Қос жүйрік, қос үміт! Бірақ, жүлде - біреу, бақ - біреу. Халық іштен тынып, ақырғы айналымды күтті.
Ақырға таяғанда Абдурахман тақымдаған Тарланға тосыннан күш біткендей. Басымдықты өзі алып, Дулығадан аса түсе, мәре сызығына бірінші болып басын кіргізді.
Атшабар алашаң болып жатқанда мына бетте жігіттер күресіп, қой көтерісіп сайысып жатты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz