22.07.2026, 15:45
Оқылды: 14

Жеңіске жетелеген жаттықтырушылар

Қазір әлем футболмен тыныстап тұр. Әлем чемпионатының тартысты кездесулері миллиондаған жанкүйерді теледидар алдына жинап, футболдың адамзатқа ортақ тіл екенін тағы бір мәрте дәлелдеуде. Бұл дода тек жеңімпазды анықтап қана қоймай, мыңдаған баланың жүрегіне үміт ұялатып, үлкен арманға жетелейді.Яғни әлемдік футбол чемпионатының қызу тартысы миллиондаған жанкүйердің назарын өзіне аударып тұрған шақта, әрбір ойын жасөспірімдердің де арманын асқақтата түседі. Әлемге әйгілі футболшылардың шеберлігіне сүйсінген әр бала бір күні үлкен алаңда доп тебуді армандайды. Ал сол арманның ақиқатқа айналуына жол ашатын жандар – балалардың бойындағы қабілетті дер кезінде байқап, қанаттандыра білетін жаттықтырушылар.

PHOTO-2026-07-15-12-29-42

Осындай жас мамандардың бірі – Бөрлі аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің футбол жаттықтырушысы Нұршат Ұзақов. Оның футболға деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталған. Жас бапкер бала кезінде мектепаралық «Былғары доп» турнирінде бас жүлдені жеңіп алған. Сол сәт жас спортшының өміріндегі үлкен белеске айналды. Сол жарыста өнерін байқап қалған «Ақжайық» футбол клубының жаттықтырушысы Нұржан Мақсотұлы талантты ойыншыны өз командасына шақырады. Осылайша бала күнгі қызығушылық кәсіби футболға ұласқан.

Нұршат Жанболатұлы «Ақжайық» футбол клубының намысын жеті жыл қорғады. Кейін Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша төрт жыл білім алды. Студенттік кезеңнің өзінде-ақ жеке футбол мектептерінде жаттықтырушының көмекшісі болып еңбек етіп, балалармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгереді. Оқуын аяқтаған соң туған жері Ақсайға оралып, бар күш-жігерін жас футболшыларды тәрбиелеуге арнады. Қазір оның қарамағында 200-250-ге жуық бала жаттығады. Олар 2011-2012, 2013-2014 және 2015-2016 жылы туған жас ерекшеліктері бойынша дайындалады.. Жас бапкердің негізгі мақсаты – өзі армандаған кәсіби футбол жолын шәкірттеріне ашу. Бүгінде ол «Жайық» және «Бәйтерек» футбол мектебімен бірлесіп жұмыс істеп, талантты балаларды футбол орталықтары мен футзал мектептеріне, түрлі құрамаларға ұсынуға күш салып келеді. Қазіргі таңда Айдар Қуанов, Мансұр Өтебаев, Азиз Тастайбеков  және Мирас Бақытжанов, Төрехан, Жәңгірхан Тухфатулловтар, Жарас Абылайхан, Бейбарыс Бақтыбаев, Нұртас Әділов сынды шәкірттері жақсы нәтижелерімен көзге түсіп жүр. Олар облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, Бөрлі ауданының абыройын асқақтатуда.

– «Менің басты мақсатым – Ақсайдан кем дегенде бір баланың кәсіби футбол клубымен келісімшартқа отырғанын көру. Сол күнге жетсем, еңбегімнің ақталғаны деп білемін. Қазақ футболының болашағы ауылдағы талантты балалардан басталады», – дейді жас бапкер.

image-17-07-26-06-44

Бүгінгі таңда жас бапкер үшін әрбір жаттығу – жай ғана сабақ емес, болашақ чемпиондарды тәрбиелеудің алғашқы баспалдағы. Оның еңбегі мен табандылығының арқасында Ақсайдан шыққан таланттардың үлкен футболға қадам басарына сенім мол. Өйткені әрбір чемпионның жолы дәл осындай жанашыр жаттықтырушының тәлімінен басталады.

Нұршат Жанболатұлы тәрбиелеп жүрген жас футболшылар аудандық, облыстық және республикалық жарыстарға тұрақты қатысып келеді. Әрбір жарысқа қатысу үшін қажетті қолдауды ұйымдастырып, демеушілер тауып, балалардың ешбір додада шет қалмауына күш салады. Кейде демеуші табылмай қалған жағдайда ата-аналар да қолдау білдіріп, балалардың арманын жүзеге асыруға атсалысады.

image-17-07-26-06-43 (1)

Жас бапкер жазғы демалыс кезінде де жаттығуды тоқтатпайды. Басқалар демалып жүрген шақта шәкірттерінің уақытын тиімді ұйымдастырып, жаттығуларын үзбей өткізеді. «Өйткені үлкен жеңістер үздіксіз дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесінде ғана келеді” - дейді бапкер.

Осындай тынымсыз еңбектің арқасында жас футболшылардың шеберлігі артып, спортқа деген сүйіспеншілігі нығайып келеді. Ата-аналар да, балалар да өз ісіне адал, талапшыл әрі жанашыр жаттықтырушыға шынайы ризашылықтарын білдіреді. Себебі олар үшін Нұршат Жанболатұлы – жай ғана бапкер емес, балаларға бағыт-бағдар беретін тәлімгер, жеңіске жігерлендіретін ұстаз.

image-17-07-26-06-43

Бапкер болған батыл бойжеткен

Футбол десе көпшілік көз алдына жасыл алаңда доп тепкен ер азаматтарды елестетеді. Алайда бүгінде бұл түсінік өзгеріп келеді. Қазақ қыздары да футболды серік етіп, тек ойыншы ғана емес, болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін жаттықтырушы ретінде де танылып жүр. Солардың бірі – Ақсай қаласындағы Aksai Arena спорт кешенінде «Алан» футбол академиясының жаттықтырушысы Лаура Ғабдрашева. Балалық шақтағы қарапайым аула ойыны оның өмірлік таңдауы болады деп ешкім ойламаған шығар. Көшедегі ұлдардың арасында жалғыз қыз болып доп қуған Лаураның футболға деген құштарлығы сол кездің өзінде ерекше еді. Басқа қыздар қуыршақпен ойнап жүргенде, ол футбол добын жанына серік етті. Сол қызығушылық уақыт өте келе үлкен мақсатқа ұласты. Жас талантты жаттықтырушылар байқап, Ақсай қаласындағы №1 мектепте кәсіби дайындықты бастайды. Көп ұзамай ауылдық, қалалық, облыстық жарыстарда өнер көрсетіп, командасымен бірге талай мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Әсіресе бірінші орындардың жиі бұйыруы оның спорттағы қабілетінің айқын дәлелі болды. Тоғызыншы сыныптан кейін Лаура Ерланқызы Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжге «Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі-жаттықтырушы» мамандығына оқуға түседі. Студенттік жылдары да футболдан қол үзбей, колледж намысын республикалық деңгейде қорғады. Командасы облыстық кезеңде жеңіске жетіп, Астана қаласында өткен республикалық турнирге жолдама алды. Елдің түкпір-түкпірінен келген 15 команданың арасында үздік жетілікке енуі – жас спортшылар үшін үлкен жетістік болды. Осы жылдары Лаура «Ақжайық» футбол клубында да жаттығып, Шымкент, Астана, Көкшетау, Бурабай және еліміздің өзге де қалаларында өткен жарыстарға қатысты. Әрбір турнир оның тәжірибесін толықтырып, кәсіби тұрғыдан шыңдала түсуіне ықпал етті. Бүгінде ол өз білгенін кейінгі буынға үйретіп келеді. Қазіргі таңда Aksai Arena спорт кешеніндегі «Алан» футбол академиясында 2,5 жылдан бері жаттықтырушы болып еңбек етеді. Оның қарамағында 200-ге жуық жас футболшы тәрбиеленуде. Жаттықтырушы 2011–2012 және ең кішкентай 2020–2021 жылы туған бүлдіршіндерге дейін футболдың қыр-сырын үйретіп келеді. Лаура Ерланқызы үшін жаттықтырушылық – жай ғана мамандық емес. Бұл – жауапкершілік пен сенім. Балалардың алғашқы жеңісі, алғашқы голы, жарыстағы қуанышы – бәрі де жаттықтырушының еңбегімен сабақтас. Оның шәкірттері түрлі қалаларда өтетін жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.

image-17-07-26-06-44 (1)

– Мен үшін ең үлкен марапат – балалардың спортқа деген қызығушылығының артып, олардың жетістікке жеткенін көру. Әр балаға сенім беріп, үлкен арманға жетелеу – басты мақсатым, – дейді жас жаттықтырушы.

Қазақта «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөз бар. Бірақ арманға тыйым жоқ. Доп қуған кішкентай қыз бүгінде өзі сияқты жүздеген баланың арманын қанаттандырып жүр. Ерлер спорты саналған футболда өз орнын тапқан Лаура Ерланқызының еңбегі – қыз балалардың да бұл салада биік белестерді бағындыра алатынының жарқын дәлелі. Бәлкім, ертең Қазақстан құрамасының жейдесін киіп, халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын футболшылардың алғашқы жаттықтырушысы дәл осы Лаура Ерланқызы болып қалар. Өйткені үлкен жеңістердің бастауы – балаға сенім ұялата білген ұстаздың еңбегінен басталады емес пе?!

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

PHOTO-2026-07-15-12-28-52

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале