Жер – еліміздің байлығы. Оның әр гектарын тиімді пайдаланып, қорғау арқылы экономиканы көтеруге болатыны сөзсіз. Әсіресе ауыл шаруашылығында алқапты дұрыс және мақсатты пайдалану өте маңызды. Жуырда Тасқала ауданы әкімдігінің үлкен залында жер пайдалануға байланысты заң талаптарын түсіндіру мақсатында отырыс өтті.
Аталмыш жиынға облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев пен БҚО жер ресурстарын басқару департаментінің бөлім басшысы Тахир Нұрахметов, аудан әкімі аппаратының басшысы Ержан Тұрмағамбетов және ауыл әкімдері мен сала мамандары қатысты. Күн тәртібіне байланысты ауданның ауыл шаруашылығы мақсатында жер учаскелерін пайдаланбай жүрген шаруа қожалықтарына түсінік жұмыстарын жүргізді.
Мұрат Амангелдіұлы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару немесе мақсатына сәйкес пайдалануға жағдай жасау керектігіне тоқталды. Сөз кезегін алған бөлім басшысы Тахир Нұрахметов, Жер кодексінің 65-бабы негізінде тапсырылатын мәліметтерді уақтылы табыс етпеген жер пайдаланушыларға салынатын айыппұл жөнінде баса айтты. Ал жер телімін пайдаланбаған жағдайда салық кодексінде ол телімдердің базалық салық мөлшерін 20 есеге ұлғайту қаралған. Яғни жерді алып оны тиімсіз пайдаланған немесе ешқандай шаруашылыққа пайдаланбаған жеке тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектісіне де қолданылатын шара бар екендігін тілге тиек етті. Жер пайдаланудағы заң талаптарын тыңдаған шаруашылық басшылары алдағы уақытта жер алу жайында сұрақ қойды. Және осы мәселеге келгенде кездесетін қиындықтар бар екендігінде атап өтті.