26.02.2018, 13:18
Оқылды: 67

Жер телімдері тиімді пайдаланылуы тиіс

Jer telimiҚаратөбеде ауылдық округтер аумағында жер телімдерінің тиімді пайдаланылуын ұйымдастыру, жерді мақсатты пайдаланбай отырғандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі  талқыланды.

Аудандағы ауылдық округтердің әкімдері, тиісті мекеме басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, кәсіпкерлер бас қосқан жиынға Батыс Қазақстан облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бас маманы Гүлмира Сейфуллина қатысты.

Жиналыста сөз сөйлеген аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арайлым Жақсығұлова жер телімдерін пайдалану тәртібі туралы айтып, жерді мақсатты пайдалану турасында түсінік берді.

Батыс Қазақстан облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бас маманы Г.Сейфуллинаның айтуынша жер пайдалану мәселесіне байланысты облыс бойынша 267 тексеру жүргізілген. Тексеру кезеңіне сай Қаратөбе ауданында заң шеңберінен шыққан бірде-бір факті тіркелмеген.

Жиналысқа қатысушы округ әкімдері, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының жетекшілері көкейлерінде жүрген ойларын айтып, сауалдарын қойды. Онда шаруашылықтарын дамытуға байланысты қосалқы жер алу, жер телімдерін беруді конкурс арқылы жүргізу, пайдаланылмай бос тұрған жерлерді мемлекетке қайтару, көше нөмірлерін реттеу мәселелері айтылды.

– Күн тәртібіндегі жер телімдерін тиімді пайдалану және пайдаланылмай бос тұрған жер телімдеріне байланысты әкімшілік шара қолдануды талқыладық. Күн тәртібіне қойылған мәселелердің орындалуы жіті бақылауға алынатын болады, - деді жиналысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Рашит Нәсіпқалиұлы.

Ерболат РАЙСОВ,

Қаратөбе ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале