18.08.2023, 15:00
Оқылды: 56

Жерге сұраныс көбейген

Осыған дейін Бөкей ордасында аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өткенін хабарлаған болатынбыз. Отырыста аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қоблан Жанғалиев өз саласы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет туралы мәлімдеме жасады.

КЕНЕС

Оның айтуынша, құрылыс бөлімі мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына сай төрт түрлі қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, аудан тұрғындары жылжымайтын мүлік мекенжайы бойынша анықтама алып, қолданыстағы ғимараттардың құрылысына енгізілген өзгерістерін заңдастыра алады екен. Биыл алты айында аталмыш бөлім 144 мемлекеттік қызмет көрсеткен.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Карин де дәл осындай тақырыптағы есеп берді. Бұл бөлім жер телімін беруге қатысты рәсімдер бойынша он мемлекеттік қызмет көрсетеді. Кезекке қоюдан бастап, жер телімін сату, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту, бөлінетін, бөлінбейтінін анықтау сияқты қызметтер тегін көрсетіледі.

- Ауданымыз 542 шаруа қожалығы тіркелген. Қожалықтардың пайдаланымында 573 546 га жер бар. Қазіргі уақытта мал шаруашылығын жүргізу үшін алты қожалық ашылды. Он екі шаруа қожалығы жұмысын тоқтатып, 21 400 гектарды ауданның жер қорына қайтарды. Жерге сұраныс жылдан-жылға көбейіп келеді. Биылғы алты айда жеке тұлғалардан 89 өтініш түсті. Алдымыздағы жылға Сайқын ауылдық округінен ойын-сауық орталығы мен қонақүй құрылысын салу үшін аукцион өткізу жоспарланып отыр, – дейді бөлім басшысы Руслан Карин.

Айтпақшы, нақ осы кеңес отырысында аудандық полиция бөлімінің басшысы да есеп беру керек еді. Бірақ әдеттегідей кеңеске келуге уақыт таппапты. Әдеттегідей деп отырғанымыз тектен тек емес. Полицей мырзалардың кеңес болсын, басқа жиын болсын, үнемі «өзімізде де селектор боп жатыр» деп қатыспайтыны бірінші рет емес. Кеңес төрағасы Тілеген Арыстанбеков алдағы уақытта мұндайға жол берілмейтінін, кеңес жұмысына немқұрайлы қарайтын сала басшыларына тиісті шара қолданатынын айтты.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале