Ғ.Қараштың өмір жолы, шығармашылығы көрсетілетін қойылымның сценарийі жазылатын болады. Жерлесіміз, Талов ауылының төл перзенті Жаслан Ешмұхамбетов мәрттік танытып, сценарий жаздыруға 1 млн теңге көлемінде демеушілік жасап жатыр.
Жуырда Жаслан Нұрболатұлы, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының бас режиссері Алмат Шәріпов пен аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов Орал қаласында кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Өздеріңізге мәлім, биыл Ғұмар атамыздың туғанына 150 жыл толып жатыр. Республика деңгейінде түрлі шаралар өтіп, баба есімі ұлықталуда. Алайда 150 жыл өтсе де, 1990 жылдарға дейінгі жағдайды айтпағанда, 30 жыл бойы бабаның өмір жолы мен шығармашылығы туралы бір де бір деректі фильм түсіріліп, пьеса жазылмапты. Дейтұрғанмен, биыл Жәнібек ауданы әкімдігі бастап, ел ағалары қостап, пьеса сценарийі жазылып, қойылымы тарихта қалатын болады.
Қайырымдылық жасау киім-кешек немесе зат алып берумен ғана шектелмейтіні белгілі. Жасландай ел азаматтары тұрғанда, аудан, тіпті елдің болашағы айқын, мерейі асқақ болары сөзсіз.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы