Таяуда Орал қаласының «Жастар» мәдениет үйінде алғаш рет өткізілген «Батыс Қазақстан облысы қазақ күресінің үздігі – 2021» атты қазақ күресінің үздіктері мен ұлттық спортымыздың дамуына үлес қосқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
Шараның мақсаты – 2021 жылы түрлі дүбірлі додаларда, облыс чемпионаттарында, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында, Республикалық турнирлерде жүлде алып жеңімпаз атанған қазақ күресінің палуандары мен оларды жаттықтырып жүрген жаттықтырушыларды марапаттау. Батыс Қазақстан облысы қазақ күресі федерациясының президенті Әсет Сұлтанұлы ұлттық күресіміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жандарды шара барысында түрлі номинациялармен марапаттап алғысын білдірді. Жаңақала ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қазақ күресі бөлімінің жаттықтырушысы Замир Батыров дайындайтын бұрымды палуан, қазақ күресінен Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері, қазақ күресінен ел құрамасының мүшесі атанған спорт шеберлігіне үміткер Гүлназ Серікқалиева, сонымен қатар Табылғали Табылдиев дайындайтын қазақ күресінен «Жас барыс» республикалық турнирінің қола жүлдегері, спорт шеберлігіне үміткер Айбатыр Миразат қазақ күресінің үздігі атанды. Осы алғаш рет өткізілген «Батыс Қазақстан облысы қазақ күресінің үздігі - 2021» атты шарада спорт мектебінің қазақ күресі бөлімінің жаттықтырушысы Замир Серікұлы, Айбек Ишанов «Қазақ күресіне қосқан үлесі» үшін федерация президентінің алғыс хатымен марапатталды.
- Палуандарымыздың биіктен көрініп, үздік атанғаны бұл біздің мақтанышымыз. Ол тек біздің емес, ауданымыздың жетістігі деп білемін. Қазіргі таңда қазақ күресіне үлкен қолдау мен көңіл бөлінуде. Төл спортымыздың дамуына біздің палуандарымыз да атсалысуда. Алдағы уақытта да жас палуандарымыздан үлкен үміт күтеміз, - дейді З.Батыров.
Райхан Амантайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz