8.08.2022, 9:45
Оқылды: 79

Жерұйығым – Жаңақала

Жаңақала ауданының қайта шаңырақ көтергеніне биыл 50 жыл толды. Бұл өңірдің алғашқы қазығы 1924 жылдары қағылып, 1962 жылы таратылған кезде шаруашылықтары негізінен көршілес Фурманов, Чапаев аудандарына қосылған. Он жыл үзілістен кейін, яғни 1972 жылы аудан қайта құрылып, жерлестеріміз үлкен қуанышқа кенеледі. Алғашқы партия конференциясы мен оған қатысқан делегаттар  әлі күнге көз алдымда. Осы қатарда Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаев, Социалистік Еңбек Ерлері Бақтығали Кенжеғұлов пен Жаңылдық Баймұханова, елі ардақтаған еңбек ардагерлері Мәжит Жаданов, Арыстанғали Қойысов, Өтеш Әжіғұлов, Ишанғали Әбуғалиев, Ғұмар Салықов, Әйіп Бектасов, Төреш Шайтасов, тағы да басқа ондаған жерлестеріміздің болғанын біз секілді көнекөздер ұмыта қойған жоқ. 

IMG-20220808-WA0012

Иә, сол бір күндер жас ұлғайған сайын санада қайта жаңғырып, көрген-білгенімізді ақ қағаз бетіне түсіруді әдетке айналдырған жайымыз бар. Айтпақшы, жаңа құрылған ауданның орталығына Қисық-Қамыс («Бірлік» совхозы) таңдалып, ендігі атауы Жаңақала деп өзгертілгенін де кейінгі толқын білмеуі кәдік. Содан кешікпей жаңа орынға он үйден салып беру міндеті әр кеңшарға жүктеліп, құрылыс жұмыстары қарқын алса, кейбір мекемелер өздеріне кеңсе тұрғызу ісіне білек сыбана кірісіп кетті. Осылайша Жаңақала жыл санап емес, ай санап жаңарып, күн өткен сайын көркейе түсті. Біртіндеп тұрғындар саны да артып, сән-салтанаты келіскен көшелер пайда бола бастады. Сол жылдары ауданымыздан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайланған Автомобиль және тасжолдар министрі Леонид Борисович Гонгоровтың тигізген көмегі көп болғандығын ат үстінде жүрген азаматтар жақсы біледі. Ер еңбегі ескеріліп, кейіннен аудандық мәдениет үйі қабырғасына Л. Гонгоровке арналып  ескерткіш тақта қойылды.

Ауданның негізгі кәсібі – мал басын өсірумен қатар, әлеуметтік-мәдени тұрмыстық жағдай да жақсы жолға қойылды. Жасыратыны жоқ,  аудан басшысы Сатқали Сапаровтың алымдылығы мен алғырлығы, талапшыл да талғампаздығы біраз мәселенің оң шешімін табуына айрықша ықпал етті. Өкініштісі, сондай бір туар азамат, халқы қадірлеген  тұлға 1976 жылдың 5 желтоқсанында 48 жасында дүниеден озды. Ол кісінің салып кеткен сара жолын орнына келген Әділғазы Нұрғалиев лайықты жалғастыра білді. Ауданымыз 1978, 1979, 1980 жылдары үш рет қатарынан Бүкілодақтық Социалистік жарыстың жеңімпазы атанса, бірінші хатшымыз «Октябрь Революциясы» орденімен марапатталды. Әрине, атақ-абыройы алысқа кеткен ардақты жанның бұдан өзге де мемлекеттік марапаттары аз емес. Оның бәрін тізіп жатудың жөні болмас. Ал енді Кеңес одағы ыдырай бастаған алмағайып кезеңде өз Жаңақаласының тізгінін қолына алып, ауданды 18 жылдай басқарған Төлеген Мерғалиев жөніндегі әңгіме тіптен бөлек. Бұл жылдары  көптеген жерде мәдениет үйлері, балабақшалар мен кітапханалар жабылып, небір еңселі ғимараттар жекенің қолына өтіп жатты. Біздің ауданда мұндай келеңсіз жағдай, бассыздық көп орын алған жоқ. Кейбір қоғамдық орындарға дейін сақталып, адамдар аз қаржыға қызмет атқарды.   Кейіннен Тәуелсіздік арқасында бәрі қайтадан қанатын кеңге жайды. Жаңақалада сауықтыру орталығы, жаңа орта мектеп, жаңа мешіт, т. б. күрделі құрылыстар салынды. Көптің еңсесін көтерген осынау игілікті істер азамат ажарын айшықтап, Төкеңнің өңіріне егемен елдің «Құрмет» ордені тағылды. Ол  өзгелей сый-құрметтен де кенде болған жоқ. Қысқасы, ел мен ердің мерейі мен мәртебесі қатар өсті.

Келесі кезекте ауданымызға басшылық еткен Тимур Имашев бұл қызметке көп аялдамаса, оның орынтағын алмастырған Бөкей ордасының тумасы Лавр Хайретдинов өзінің іскер де алғыр азамат екенін танытып кетті. Осы кезеңде шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер қатары да мықтап өсті. Жаңақалада жатақханасымен 600 орындық гимназия, Сарыкөл мен Жуалыойда 108 орындық жалпы орта білім беретін мектеп, жаңа үлгідегі емхана, сондай-ақ көптеген тұрғын үйлер салынды. Чапаев – Жаңақала  күрежолының 62 шақырымы қатқыл табанға айналды. Бұған қоса өңірімізде тарихи ескерткіштер көптеп бой көтерсе, даңқты күйшілер Мәмен мен Тұяқбердіге кесене тұрғызылды. Аудан орталығында «Тастөбе шайқасы», «Бөкей хан», «Тәуелсіздік монументі» секілді танымдық орындар жасақталып, жаңа мұражай ашылды. Аталған ізгілікті істер тәжірибелі басшы, жерлесіміз Наурызбай Қарағойшин әкім болған тұста да өз жалғасын тауып, ауданымызда құрылыс жұмыстары  қарқын алса, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 4 елді мекенге ауыз су таратылды. Айдарханда жаңа мәдениет үйі бой көтерді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аудан орталығында 3 қабатты 21 пәтер және 2 пәтерлік 20 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңақаланың алты көшесі асфальтталып, жанынан жаяу жүргіншілер жолы түзілді.

Қазіргі таңда да жаңақалалықтар еңбек ырғағын бәсеңдетпей, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыру жолында тынымсыз тер төгуде.

Құмарғали Қайыржанов,

зейнеткер, 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале