Сырым ауданында ауылдық округ әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулері жалғасуда. Кеше Жетікөл ауылдық округінің әкімі Айболат Нұрмұханов ауылдастарының алдында округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. Кездесуге Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева және бірқатар сала басшылары қатысты.
Округте 30 шаруа қожалығы мен 1 серіктестік және 1 тұтынушылар кооперативі негізінен мал өсіріп, оның азығын дайындаумен айналысуда. Мал басын асылдандыру мақсатында жетікөлдік шаруалар 36 бұқа мен 115 бас асыл тұқымды қой сатып алған. Тұқымдық түрлендіру мен ет өндірісін жолға қойғаны 2021 жылы 14 қожалық пен 1 серіктестік және 1 тұтынушылар кооперативі үкіметтен 47 млн 737 мың теңге субсидия алған.
Жетікөл биыл дүбірлі тойдың отын тұтатқалы отыр. Дала реформаторы, «сөйлесе сөздің шешені», елдің көсемі Сырым Датұлының туған ауылы батырдың 280 жылдығына арналған мәдени-көпшілік шараларды қабылдамақ:
-Батырдың туған жерінде бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Атап айтқанда, дала қызықтары, ақындар айтысы, шешендік сөздер сайысы оздырылады. Тойға ауыл дайын болуы керек. Ол үшін Қосарал ауылындағы С.Датұлы атындағы саябақты абаттандыру, сыртқы сахна мен бүлдіршіндердің ойын алаңының маңына орындықтар орнату, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу және аумағымыздағы тарихи ескерткіштерді түгендеп, қоршау мәселелері бар. – деді Айболат Нұрмұханов.
Әрине, округте оңды іс, орынды бастамалармен бірге, түйіліп тұрған түйткілдер де бар. Ауа райының қолайсыздығы салдарынан Ақоба, Қарақұдық, Жетікөл елді мекендерінде электр жарысы жиі сөнеді. Желілер жаңартылмағасын солай болады да. Жағдайды реттеу үшін 9,5 т сым, 50 дана тіреутас және 98 дана оқшаулағыш (изолятор) қажет. Н. Қолғанатов және Қазақстан көшелеріне 5 жарықшам орнату да жоспарда тұр. Ауыл әкімі халықтан түскен мүлік, жер, көлік салығынан және коммуналдық үйлердің төлемінен түскен 1 384, 3 қаржының «қажыр-қайраты жеткенше» көшелерді жарықтандыру мен саябақты абаттандыру жұмыстарын атқармақ.
Есептік кездесуде елдің айтқан негізгі мәселесі – округте дәрігердің жоқтығы. Аудандық аурухананың басшысы Роза Тахамбетова мәселемен таныс екенін, Жетікөл ауылдық дәрігерлік амбулаториясына жалпы тәжірибелі дәрігер мамандардың мүмкіндігіне қарай жолданатынын айтты. Ауыл тұрғыны Сағадат Днекешов билік басындағылардың алдына Бұлдырты өзенінің экологиялық ахуалы, дүкендердегі азық-түлік бағасы мен жолақының қымбатшылығы, Сарой-Қосарал бағытындағы жолды қырып, тазалау жөнінде бірқатар мәселелерді қойды.
-Мердігер неге жұмысын дұрыс атқармайды? – деген сауалға аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің өзі араласты. Жиналысқа қатысушы Сырым аудандық тұрғын - үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Айтқалиевке жауапты мекеменің жұмысын ширатып, ауыларалық жолды тазалауды тез арада ұйымдастыруды тапсырды.
Жетікөлдік жамағат ауылдан мешіт салуға жер сұрағанын да айта кетелік.
Жиналысты Т.Төреғалиев қорытындылады.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz