Жетікөлдің даласы тарихи ескерткіштерге бай. Сырым батырдың баласы Қазы би, немересі Омардың мазарлары осы жақта. Сол сияқты, киік сауған қожалардың қауымы, сәулет стилімен таңдандырған Шошақмола, әйгілі балуан Сәттің бейіті кейінгі уақытта тарихшылар мен туристердің назарын аударып үлгерді. Өкініштісі, Шошақмола мен Сәттің зираты қорғауға алынбағанның кесірінен кейіптері жылдан-жылға тозып, жоғалып бара жатыр. Кеше есеп беру жиналысында Жетікөл ауылдық округінің әкімі Айболат Нұрмұханов осы мәселеге арнайы тоқталды.
- Ел тарихын тереңнен тануға, оны әлемге танытуда Елбасы Н.Назарбаев ұрпаққа ұлағат болар мақала жазды. «Ұлы даланың жеті қыры» стратегиялық мақаласы – «Рухани жаңғыру» процесінің жалғасы іспетті. Тарихқа деген құрмет – жәдігерлерін жоғалтпаудан басталады. Өткен жылы Қосарал ауылындағы ескі құлпытасы бар қорым, соның ішінде Айдар сорының маңындағы Айдар байдың зираты қоршалды. Демеушілер, тарихқа жанашыр жандарды жұмылдырып, мәдени ескерткіштерді және қорымдарды қорғау жұмыстарын биыл да жүргізуіміз керек. Осы жылы Шошақмола мен Сәт балуанның зиратына қоршау орнатып, қамқорлауға аламыз. Осындай қамқорлықты Ормантай атаның басы, Қарақұдық пен Қаранар, Шотансарыдағы көне құлпытастар күтіп тұр, – деді ол.
Жетікөл ауылдық округінде 2020 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндаған Айболат Нұрмұханов салалардың даму көрсеткішін саралап қана қоймай, мәселелерді де алға тартты. Мысалы, округтегі әлеуметтік әкімшілік, амбулатория, ветеринарлық пункт сияқты нысандардың көбі талшықты-оптикалы интернет жүйесіне қосылған. Осы жүйеге енді ауылдағы үйлерді қосу керек.
Электр желілерінің тозығы жетуіне, оның үстіне жөнделмеуіне байланысты Ағоба, Қарақұдық, Жетікөл елді мекендерін ауа райының қолайсыз кездері жарықтың жиі сөнуі орын алады. Осы елді мекендердегі электр желілерін жөндеу үшін 45 дана баған, 3,5 км желі, 20 дана тіреу тасы мен 80 дана оқшаулағыш керек.
2019 жылы Қосарал, Жетікөл елді мекендеріне Боқай нүктесінен ауыз су тарту жұмыстары басталған-ды. Жоба биыл жалғасады деп күтілуде. Осыған дейін ауыз суды тасымалмен алдырған жетікөлдіктер Боқайдан бұлақ шықты, ауыз суға жарыдық деп қуанғанымен, қуаныш ұзаққа бармапты. Су ащы көрінеді. Есептік жиналыста халық солай деді. Жиналысқа қатысқан Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев «Сырым» коммуналдық мекемесінің өкілдеріне осы мәселе бойынша жұмыстану, судың сапасын қайта тексеру, сараптауды тапсырды.
Әкімдердің есептік жиналысында ауыл тұрғыны Тілеген Хамидуллин Қосаралға саябақ салу, 23 шақырымдық кірме жолды жөндеу мәселесін көтерді. Шаруалар ауыз су мәселесін біржақты ету, бөгеттерді, суармалы шабындықтарды қалпына келтіру жөнінде ой-ұсыныстарын айтты.
Сырым ауданының 2020 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы фильм ретінде көрсетілді. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытынды сөз сөйлеп, сауалдарға жауап берді. Кейін «Данияр» дүкенінде болып, сөредегі азық-түлік бағаларымен танысты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz