Кеше Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Жетікөл ауылдық округінің әкімі Айболат Нұрмұхановтың халықпен кездесу жиынына қатысты.
Мал шаруашылығына машықтанған округ қазіргі уақытта жазғы далалық жұмыстарды толықтай аяқтап, қыстаққа тастүйін дайын отыр. Округ әкімі Айболат Нұрмұханов берген мәліметке сүйенсек, қысқы мал азығы дайындау жұмыстары ойдағыдай жүргізілген. Негізгі жоспарға сай 18,5 мың тонна шөп жинау қажет болса, күні бүгінге 30 360 гектар жер шабылып, 19734 тонна шөп шабылды. Меже артығымен орындалды. Оның үстіне, 2022 жылдың қыстағынан 2000 тонна (8 мың бума) шөп артылған.
Жергілікті тұрғындарды әлі күнге тозығы жеткен электр желілері әбігерге салып отыр. Кешегі жиында осы мәселе тағы да күн тәртібіне шықты.
Халықты алаңдатқан екінші түйткіл - Шағырлоймен екі арадағы жол. Қазіргі таңда жолды күрделі жөндеуге байланысты жобалық - сметалық құжаттар дайындалуда. Құжат реттелгесін, қаржы қарастырылады. Жиындардан кейін халықтың жеке мәселелері бойынша әкімдер мекеме басшыларымен бірге жеке қабылдау жүргізді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы