
Бисен ауылдық округіне қарасты Жиекқұм ауылында аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршиновтың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өткізілді.
Күн тәртібінде төрт бірдей мәселе талқыланды. Таратып айтсақ, Б.Жәнекешев және Т.Масин атындағы жалпы орта білім беретін мектептердегі тәрбие жұмыстарының, Б.Жәнекешев атындағы мектептің кәсіби бағдар беруші педагогінің атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Сонымен бірге осы аталған мектептердегі ата-аналар комитеттерінің де есебі комиссия назарына ұсынылды. Бисен ауылдық округі бойынша өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларды анықтау мәселесі де қаралды. Баяндамалар тыңдалып, әр бағыт бойынша нақты мәселелер мен ұсыныстар ортаға салынды.
Енді көшпелі отырыстың өту барысынан баяндасақ, Бисен ауылдық округінің бас маманы Бекзат Ғабдолланың баяндауынша, Бисен ауылдық округінде 1375 адамды құрайды. Көпбалалы отбасылар саны – 60. Ал аз қамтылғаны – 10 отбасы. Округ бойынша 155 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Көпбалалы отбасылар, аз қамтылған отбасы балалары ұдайы назарда. Қайырымдылық акциялар үнемі өтеді, арнайы санаттағы отбасы балаларына қолдау көрсетілген, алдағы уақытта да бұл игі іс жалғасын таба береді дейді баяндамашы.

Бала тәрбиесіне тікелей жауапты білім ұясы десек, Бисен Жәнекешев атындағы мектеп директоры Ерхан Құбайтов баланы жан-жақты тәрбиелеуде мектепте бірнеше клуб жұмыс жасайтынын айтты. Атап айтқанда, Ж.Насыр жетекшілік ететін «Үкілі домбыра» үйірмесі, С.Дінсейтовтің жетекшілігімен жұмыс жасайтын «Жас сарбаз» клубы, Г.Шәмшитдинова жетекшілік жасайтын «Толқынбест» оқырмандар клубы ашылған. Одан бөлек «Ұшқыр ой алаңы» жобасына негізделген «Бисен» дебат клубы тағы бар.
«Еңбегі адал жас өрен» жобасы аясында оқушыларды ерте еңбекке баулу, еңбекті бағалау құндылықтарын дарыту мақсатында мектеп учаскесіне көгөністер егу, жинау жұмыстары жүргізіліп, оқушылар мектеп жылыжайының өнімдерін тұрмысы төмен отбасылары мен мектеп асханасына табыстапты. Оған қоса «Күзгі асар» жәрмеңкесі де ұйымдастырылған екен.
–Мектебімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының заң мен тәртіп құндылығын жүзеге асыру мақсатында жүйелі тәрбиелік, құқықтық, іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Күні бүгінге дейін екі мәрте жалпы ата-аналар жиналысы өткізіліп, онда бала тәрбиесіндегі заң талаптары, ата-ананың жауапкершілігі, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері қарастырылды. Ата-аналарға бала тәрбиесіндегі құқықтық нормаларды сақтау маңыздылығы түсіндірілді. Ата-аналарға арналған оқыту семинарлары өткізіліп, құқықтық сауаттылықты арттыру, бала құқығы, отбасындағы тәрбие, киберқауіпсіздік, буллингтің алдын алу сияқты өзекті тақырыптар қамтылды. Мектеп психологтерінің де жұмысы жолға қойылған. Түрлі тақырыпта сауалнама өткізіліп, оқушылардың тұлғалық қалыптасуына қатысты тренингтер өткізіліп тұрады. Мектепте полиция инспекторларымен де жиі кездесу өткізіліп, заңдық тұрғыдан оқушыларға құқықтық тәрбие беру көзделген, – дейді мектеп директоры Ерхан Құбайтов.
Т.Масин мектебінің директоры Зияда Есенбаева да дәл осындай мазмұнда баяндама жасап, өзі басшылық ететін білім ордасында атқарылған тәрбие жұмыстары және ата-аналар комитетімен бірлескен жұмыс нәтижесі туралы мәлімдеді.
Отырыс қорытындысында тиісті мекемелерге нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Анар Артықбай