3.08.2023, 17:00
Оқылды: 20

 Жиында бірқатар мәселе көтерілді

Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов «Аудан орталығын дамыту» жоспарын талқылау жиынын өткізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім, мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары қатысты. Жиында аудан орталығын дамыту жоспары талқыланып, ауыл халқы аудан әкіміне көкейдегі мәселелерді жеткізіп, талаптарын қойды.

20230731121911_IMG_4388

Аудан әкімі алдымен ауданда атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды. Өз сөзінде аудандағы жол мәселесін шешу бағытындағы жұмысты тілге тиек етіп, ауыз суды үнемдеу, білім және денсаулық сақтау салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Бірінші кезекте жол мәселесі сөз болып, Қараоба ауылын техникалық сумен қамтамасыз ету мақсатындағы жоба, Жұлдыз ауылындағы 108 орындық және Саралжын ауылындағы мектеп құрылыстарының жүру барысы, аудан орталығындағы 600 орындық мектеп құрылысы мен Казталов мектеп-лицейінің күрделі жөндеу жұмысының ахуалы баяндалды. Сонымен қатар Қараоба және Бостандық дәрігерлік амбулаторияларының, Қараөзен фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы, Талдықұдық пен Көктерек бағытындағы газдандыру жұмысы жөнінде де ақпарат берілді.

20230731130025_IMG_4391

Асланбек Ахметоллаұлы аудан көлеміндегі атқарылып жатқан жұмыстарды қысқа қайырып, аудан орталығын дамыту жобасын таныстырды.

- Аудан орталығын дамыту салық түсімдерін арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, абаттандыру, жол және жаяу жүргіншілер жолын салу және күтіп ұстау, білім саласы, мәдениет және спорт саласы, рухани бағыттағы жұмыстар мен тұрғын үй, газ, электр, сумен жабдықтау бағыттары бойынша жүзеге асырылады. Ең бастысы салық түсімімен байланысты болады. Казталов ауылдық округі әкімі аппаратының бюджеті 116 млн теңге, оның ішінде 51 млн теңге жалақы төлемдеріне жұмсалады. Салық түсімдерінің жоспары 14 446,0 мың теңге деп белгіленсе, қазынаға 7699,8 мың теңге салық түсіп, жоспар 53,3 пайызға орындалып отыр. Бұл салықтар әрине көлік салығы, жер салығы, мүлік салығы және жеке табыс салығынан түсіп отыр. Біз салық түсімдері осы ауылды дамытуға жұмсалатындығын ескеруіміз керек, - деді Асланбек Ахметоллаұлы.

Казталов ауылын дамыту жоспарында шағын және орта бизнесті дамыту, абаттандыру, мал бағымын ұйымдастыру, тұрғын үй, газ, электр желісімен қамтамасыз ету, ауыз су және техникалық сумен жабдықтау мәселелері, жолдарға асфальт төсеу, жаяу жүргінші жолын салу қамтылған. Сонымен қатар аудан әкімі аудан орталығына аудандық соттың жаңа ғимаратын салу және үш қабатты тұрғын үйлерді салу мәселесіне қатысты да пікір білдірді.

20230731121738_IMG_4384

Жалпы жоба көңілге қонымды. Жан-жақты зертеліп, халыққа ұсынылды. Бірақ ауыл тұрғындары жобаның кейбір тұстарына қатысты пікірлерін білдіріп, өз ұсыныстарын айтты. Мәселен, ауыл тұрғыны Руслан Сұлтанов аудандық қоғамдық кеңестің құрамын өзгерту, ауылішілік жолдарды жөндеу, техникалық су мәселесін шешу жөнінде ұсыныстарын айтса, ауыл тұрғыны Қазиолла Ахметов кадр мәселесін алға тартып, мемлекет қызметкерледің этикасын қарау қажеттігін атап өтті.

Жиында Марат Салауатов, Гүлнұр Айтқалиева, Мирлан Нұролла, Нұрлыбек Хайруллин, Уәлиолла Әбішев, Сисенғали Нығметов сынды қоғам белсенділері де сөз алып ұсыныстарын жеткізді.

Марат Салауатов аудан әкімін жер мәселесі мен аудандық аурухананың мәселесіне назар аударуды ұсынса, Гүлнұр Айтқалиева Казталов мектеп-лицейінің күрделі жөндеу жұмысына қатысты пікірін білдірді және ДСК бағытында ешқандай жол жөндеу жүргізілмегеніне, жаяу жүргінші жолы салынбағанына наразылығын білдірді. Қоғам белсендісі Мирлан Нұролла болса Ақжайық ауданымен және Жәнібек ауданымен шекаралас аумақтағы жол белгілеріне қатысты ұсынысын айтып, «Қосөзен елі» деген жазуды алып тастау қажеттігін атап өтті.

Уалиолла Әбішев ақсақал «Бүгінгі жиынның тақырыбы «Аудан орталығын дамыту» жоспарын талқылау. Көптеген мәселе көтеріліп жатыр. Қайсыбір ауылдың да жан-жақты даму жоспары болуы керек. Сол жоспар бойынша жұмыс жасап үйренуіміз керек. Бірқатар ұсыныстар айтылды. Барлығын ой елегінен өткізіп, қажетін алу керектігін» жеткізсе, Нұрлыбек Хайруллин аудан әкімін халыққа жақын болуға шақырды.

- Бүгінгі жиналысқа қатысып отырғандар қарапайым халық. Конституциямызды алға тарта отырып, халықпен санасуыңызды сұраймыз. Жол мәселесін қозғап жатырмыз. Бірінші кезекте аудан орталығын дамыту қажет деп есептейміз. Бүгінгі жиында өзіңіздің жоспарыңызбен таныстырдыңыз. Сол жобада соттың ғимараты мен үш қабатты тұрғын үйдің ғимаратының жобасын өзгертуді ұсынып отырсыз. Бұл ғимараттар ғасырда бір салынады. Мақұлдануы мүмкін жоба болғандықтан өзгеріс енгізу қажет емес деп санаймыз. Оған көзіміз жеткен соң анық айтып отырмыз. Бұны да ескеріңіз, - деген ауыл азаматы Казталов ауданының мемлекеттік шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорнының, Казталов аудандық ауруханасының жұмысына қатысты мәселелерді тілге тиек етті.

Жиында Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің ескі ғимаратында оқу процесін жалғастыру, Солдат көліне шөп шығару, Казталов ауылдық округінің ауыл шаруашылығы саласындағы жерлерін сумен қамтамасыз ету, Жалпақтал су қоймасын салу мәселелері де көтерілді. Аудан әкімінің орынбасарлары Ғаділбек Әлібекұлы, Зәйлім Исатайқызы, Қадер Қадірәліұлы, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ерлан Аронов, Казталов ауданының мемлекеттік шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорны диреткоры м.у.а. Мержан Хамитов халық көтерген мәселе бойынша жауаптарын берді.

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы жиында көтерілген мәселелер бойынша орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшыларына бірқатар тапсырма берді. Мәселені халықпен бірге шешу қажеттігін де тілге тиек етіп, ауыл халқын бірге жұмыстануға шақырды.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале