2.12.2022, 11:45
Оқылды: 92

Жоба нәтижесі – аудан жетістігі

Қазақты әлемге танытқан туынды иесі, жазушы Мұхтар Әуезовтың: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген терең сөзі бар. Бұл дегеніңіз бала болашақта тұлға болып қалыптасуы үшін тәрбиені титтей кезінен-ақ бастау керек екенін ұғындырады. Баланың әлемге көзқарасы отбасында қалыптасатыны анық. Дәл осы қалыптастыру үрдісінде балабақша да маңызды рөл атқарады. Балаға қоршаған ортаны дұрыс қабылдауды, қарым-қатынасты жүйелі орнатуға дағдыландыру үлкен ыждағаттылықты қажет етеді. 

сапалы жоба фото (1)

Қазіргі таңда әлемнің қай мемлекетінде болмасын өзекті тақырып – экологиялық тәрбие. Қазақ халқы: «Судың да сұрауы бар» деп тіршіліктегі әу бастан бұйырған игіліктерге мұқият болып ысырапшылдықтан сақтануды үйреткен. Өкінішке орай, ақыл тоқтатқан ересектер арасында да табиғат ресурстарына немқұрайлы қарау кездеседі.

Осы мақсатта Тасқала ауданының "Бөбек" бөбекжайында «Макулатураны тапсырыңыз – ағашты сақтаңыз» акциясы басталған еді. Акция басталысымен-ақ бүлдіршіндерге ағаштың пайдасы кеңінен түсіндіріліп, өздері сурет салатын қағаздың ағаштан пайда болу жолы көрсетілді. Ата-аналар акция басталысымен-ақ макулатура жинауға белсенді атсалысты. Бала көргенін жасайтындықтан, ата-аналардың балалармен бірге макулатура тапсыруы, отбасының қағазды қоқысқа тастамай жинастыруы, балабақшада да пайдаланылған қағазды сақтау немесе қайта пайдалануды үйрету баланың бойында үнемділік пен қоршаған ортаны сақтауға үйретеді. Балабақшадағы акция ретінде басталған игі бастаманы тәрбиешілер Қаламқас Шалқыбекқызы мен Саят Бауыржанұлы  жоба жасап ауқымын кеңейте түсті. Балаларға қағаз туралы кеңінен ақпарат берілетін шаралар жоспарланып жүзеге асырылды. Балаларға топта заттық-кеңістік ортаны жабдықтау үшін картоннан түрлі жиһаз түрлерін, тұрмыстық техника, түрлі ойындар жасау жолдары үйретілді. Жоба барысында 420 кг 500 грамм макулатура жиналып, 7 ағашты құтқаруға үлес қосылған. Жобаның нәтижесінде аудан, кейін облыс деңгейінде өткен "Креативтілік. Шығармашылық. Инновация" байқауында қатарынан бірінші орын бұйыруымен дәлелденді.

сапалы жою

Байқауда көрсетілген жиналған макулатуралардан  кішкентай тұрмыстық жиһаздардың (кір жуатын машина, газ плитасы, үстел шамы т.б.) сондай дәлдікпен жасалған үлгілері, піл бейнесіндегі кітап сөрелері, қайық, кішкене үйшік үлгілерін көріп тамсанасың. Бір ғана жоба нәтижесінде облыс көлемінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арасынан топ жарып келу – бұл ұжымның үлкен еңбегі. Қоршаған ортаға да пайдалы, әрі балаларға экологиялық тәрбие беру, оларды дамыту барысында қызығушылық тудыртатын жобаның бастамашысы «Бөбек» бөбекжайының басшысы Жанжігітова Сандуғаш Ерсайынқызына алғыс білдіре отырып, басқарып отырған ұжым мүшелеріне шығармашылық табыс тілейміз. Алдағы уақытта жобаны басқа да оқу ордалары жүзеге асырып ағаштардың сақталуына зор үлес қосатынына сенеміз.

Камшат Калиева, 

Тасқала аудандық білім бөлімінің әдіскері 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале