19.01.2023, 18:00
Оқылды: 61

Жоба жақсылыққа жетелейді

Бұған дейін мемлекет тарапынан халықтың өмір сапасын көтеруге бағытталған бірнеше жобалар, бағдарламалар қабылданып, іске асты. Рас, бірін халық білді, бірі қолжетімсіз болды, енді бірі мүлде таныстырылмады да. Жалпы, өткен жылдың соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды көтеру бағытындағы жұмыстардың қабылдап жатқандығы көпшілікке қуаныш сыйлады.

4

Президент, «Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады”  деген еді.

Жыл бастала сала елімізде сөзден іске көшетін «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Былтыр тек пилоттық жоба ретінде Жамбыл облысында басталған бастама оң нәтижесін көрсетті. Халықтың тұрмысы жақсарып, кәсіппен, шаруашылықпен шұғылданғысы келетін жандардың қатары артты.

Енді осындай нәтиже барлық облыстардан күтілмек.

Жалпы, жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу болып отыр. Дегенмен әр өңірдің өзінің ерекшелігі мен мәселесі болатыны анық. Осыған орай, қанатқақты жобаны түсіндіру және жергілікті тұрғындардың сұрақтарына жауап беру мақсатында Бөрлі ауданына іссапармен облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов, облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Медет Айдынғалиев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Исатай Мыңбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Ринад Мұсағалиев, «Ақжайық» ӘКК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қазбек Ұзықановтар келді.

3

Көшпелі отырысқа аудан әкімінің орынбасары  Алтай Тоқжанов төрағалық етті. Жиынға аудандық ауыл шаруашылығы, экономика және қаржы, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жұмыспен қамту орталығы, аудандық кәсіпкерлер палатасы және Ақсай

қаласы мен ауылдық округ әкімдері, жобаға қатысуға ниет білдірген азаматтар, жеке кәсіпкерлер, шаруашылық басшылары қатысты.

- Облыста қабылданған «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі» бағдарламасын дамыту үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасына пилоттық жоба аясында ауданның төрт ауылдық округін қатыстыруды көздеп отырмыз. Олар Приурал, Пугачев, Қарағанды, Успен ауылдық округтері, -деді аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоғжанов.

Көшпелі отырыста сөз алған облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Сансызбайұлы жиналғандарға жобаны жан-жақты түсіндіріп берді.

- Облыс көлемінде бағдарламаны түсіндіру жұмыстары өткен жылдың соңғы айларында басталып кетті. Біз комиссия мүшелері көп талдау жасадық. Жоба аясында берілетін 2,5 пайыз несиені алу үшін кепілдікке қандай дүние-мүлік кепілдікке өтетіндігін кеңінен талқыланды. Мемлекеттен  несие алатын жанның баспанасы, ауласындағы сарайы, моншасы, гаражы, жалпы қандай дүние-мүлкі бар, соның барлығын кепілдікке аламыз. Басты талап ол нысандардың құжаттарының дұрыс болуы. Егер кепілі жетпеген жағдайда, үшінші жақтыңда, яғни тума-туыстың дүние-мүлкін ала аламыз. Мүлікті бағалайтын маманда біздің тараптан шығарылады. Ол мамандарға қойылатын талап, мүлікті бағалау қызметі үшін төленетін сумма 10-12 мың теңге шамасында болуы шарт. Біздің ойымызша, бағалау суммасы барлығына бірдей қолжетімді болуы керек.

5

Жалпы, бағдарламаға қатысуға ниет білдірген тұрғындардың құжаттарын ауыл әкімі, ауылдық округ мамандары жинаулары тиіс. Барлығына жүктелген міндет бар. Келген ауылдастар сандалып жүрмеуі керек. Тездетіп құжаттарды реттеп, сәуір айында қаражаттарын алулары керек. Мал шаруашылығын қолға алатын жандар үшін басты екертпе, несие тек сүт бағытындағы сиырларды сатып алу үшін беріледі. Жуырда облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен өткен жиныда да айтылғаны жо­ба арқылы барлық 19 өнім түрін шы­ғару­ға мүмкіндік бар. Оның он бірін аудан деңгейінде шешуге болады. Ол – жұмыртқа, құстың еті, сүт, бақша өнімдері. Ол үшін сізбен біздің міндетіміз ауыл халқының басын біріктіріп, еңбекке баулу, жұмыссыздықты жою, шағын кәсіпкерлікті дамыту, - деді Алдияр Сансызбайұлы.

Жиында мамандар, алдымен ауылдағы әрбір үй бойынша статистикалық деректер жиналуы тиіс екендігін айтты. Әрбір ауылдық округтің ерекшеліктері, жер мәселелері, сумен қамтамасыз ету, еңбек ресурстары ескерілмек. Мұндай деңгейдегі егжей-тегжейлі талдау белгілі бір ауыл қандай дақылдарды өсіруге қолайлы екенін, олардың аумағында қандай өндірістерді ашуға болатындығын анықтауға мүмкіндік береді.

Тағы бір ерекшелігі «Ауыл аманатына» қатысушылар жеке қосалқы шаруашылықтар ретінде кооперативтердің құрамына кіреді. Бұл ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 50% дейін субсидия алуға, өнімді қайта өңдеу және өткізу процестерін жүйелеуге мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама бойынша берілетін несие жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға басымдық беріледі. Және жастар аталған жоба арқылы өз кәсібін бастауға мол мүмкіндік алады.

Жиында көпшіліктің көңілінен шыққан тағы бір жеңілдік әр ауданға облыс тарапынан бір есепші бекітілетіндігінде. Бұл өз кезегінде шаруалардың жұмысын мейлінше жеңілдетіп, есеп-қисаптың дұрыс жүруіне ықпал етпек. Басқосу барысында жергілікті тұрғындар жеңілдетілген несие алу, субсидияға қол жеткізу, сауатты бизнес жоспар құру, ауыл ерекшеліктерін ескере отырып, негізгі салаға бет бұру туралы мәліметтерге құлақ түріп, ауылдағы өзекті мәселелерді көтерді.

2

Жергілікті шаруалар, жайылымдық жерлердің аздығы, Аралтал мен Қызылтал ауылдары қала құрамында болғаннан кейін бағдарламаға енбей қалуы сынды мәселелер көтерді.

Қысқасы, ауданға келген меймандар жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтарды жазып алып, жауабын жақын күндері жеткізетіндігін, аталған жобаны тағыда кеңінен түсіндіру үшін жұмысшы топ ауданға қайта келетінін айтып өтті.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале