3.02.2021, 15:27
Оқылды: 42

Жол белгілерінің «жауы» кім?

Осыдан бірнеше жыл бұрын шыңғырлаулықтар үшін күрделі мәселелердің бірі – жол болатын. Бағымызға орай, жол мәселесі жылдан жылға оңды шешімін тауып, жөнделген жолдар саны да, ұзындығы да артып келеді. Жыл сайын жөнделген жолдармен қатар, адам үшін де, көлік үшін де ақпарат беруге арналған жол белгілері жаңартылып, қайта орнатылуда. Тақтайдай тегіс жолдың бойында тізілген жол белгілері көшенің ажарын одан әрі ашып, ауылға шырай беріп тұрғандай. Алайда көңілге кірбің түсіретін жайттар азаймай тұр. Бұл жолғы әңгіме осы байланыс жолдарының бойынан орын тапқан жол белгілері туралы болмақ.

 знак коллаж (1)

Шыңғырлау ауылы бойынша барлығы 52 шақырым жол болса, оның ішінде 22,9 шақырымы асфальтталған екен. Жөнделген жолдармен қатар жол белгілері де қалыпқа келтіріліп отырады.

Аудан орталығында басты жолды айқындайтын, жылдамдықты шектейтін, жаяу жүргіншілер жолын көрсететін, бағыт-бағдар беретін және осы тектес тағы басқа 400-ге жуық жол белгілері бар. Өкінішке орай, бүгінде кей жол белгілерінің қисайып, майысып, сызылып тұрғанын байқайсың. Сонда «өз мүлкімізді» бұзушылар кім?

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы С.Астафьев: «Жол белгілерін кей жағдайда көлік жүргізушілері көліктеріне ие болмай, бұзып жатады. Ондай жағдайда біздер заң аясында тиісті шараларды жүзеге асырамыз. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында бір көлік жүргізуші көлігінің рөліне ие бола алмай, Л.Қылышев пен Шевцов көшесінің қиылысындағы «Басты жол» белгісін бұзды. Аудандық соттың шешіміне сәйкес азамат С. келтірілген материалдық шығын 38 882 теңге көлеміндегі соманы өтеді.

знак коллаж (3)

Ал өзге жол белгілерінің бұзылу фактісі бойынша бізге шағым түспегендіктен, біз ол туралы қылмыстық не болмаса, әкімшілік іс аша алмаймыз», - дейді.

Иә, бұл көлік апатына қатысты жағдайда бұзылған мүлік делік. Дегенмен, бұзақылықпен істелген «қылмыстар да» жоқ емес. Мәселен, халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының алдындағы жол белгісіне балағат сөз жазып,  аудандық колледж маңындағы жол белгілерін бояп, өзге қиылыстардағы белгілерді сызып, майыстырып кеткені көңілге кірбің түсіреді. Осы орайда бұзақылық ауданның көркеюіне теріс әсер етіп тұрған негізгі факторлардың бірі болып тұрғандығын мойындауымыз керек.

знак коллаж (4)

- Расымен аудан орталығы көшелерінде жол белгілерінің бұзылғанын көріп жүрміз. Бұл кезекте біз «Шыңғырлаукомтехсервис» мекемесімен бірлесіп жұмыстанамыз. Көлік апатынан басқа бұзулар жас жеткіншіктердің, еріккендердің ісі деп ойлаймын. Әдейі жылдамдықты шектейтін «40» белгісінің алдынан «1» санын жазып, нәтижесінде «140» қылып қою, балағат сөз жазып кету, саптай тік тұрған бағанасын бір жаққа қисайту – бұл тәртіп бұзушылық. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдердің тарапынан тәрбиелік бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту керек деп ойлаймын, - дейді Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ғұсман Жұмағазиев.

Аудандағы бұзылған, қисайған, әдепсіз сөз жазылған 30-ға жуық жол белгілерін қайтадан өзгертіп, жаңартқанын тілге тиек еткен аудандық «Комтехсервис» ММ басшысы М.Ирмекбаев та қайсыбір санасыз тұрғындардың осы әрекетіне қынжылыс білдіріп отыр. Осындай өрескел жағдайларға әуес тұрғындардың бұл әрекеті ауданымыздың бүгінгі келбетіне, әрі-беріден соң өздеріне де сын болса керек дейді ол.

Жолда көп жүретін, көлік тізгіндеген жүргізушінің бірі Ж.Болатұлы: «Шыны керек, ауданымыз күннен-күнге дамып келеді. Гүлзарлармен көмкерілген саябақты, балалардың әдемі жабдықталған ойын алаңдарын, асфальтталған көшелерді көріп, көңіліміз тола түседі. Адамның қауіпсіздігі бірінші орынға қойылып отырған және бізге әрдайым сақтықты меңзеп отыратын жол белгілеріне қатысты қайсыбір жөнсіздіктер кейде ашуыңа тиіп жатады. Шындығында да жол белгілеріне барып түйісу, бояп кету, түсініксіз жазба қалдыру дегеніңіз – барып тұрған ойсыздық әрі көргенсіздік дер едім. Заманауи қоғамда өмір сүріп отырмыз, көзіміз ашық, барлық ақпарат ой-өрісімізді кеңейтуге мүмкіндік беріп тұрған заманда өзімізді-өзіміз сауатсыз, мәдениетсіз болуды қояйықшы», - дейді.

Реті келгенде тырнақтың астынан кір іздеп, кемшіліктерді алға тартып, өзгелерге кінә артуға бейім тұратын біз неліктен өзіміз үшін жасалған мүліктің бұзылуына жол береміз?! Сондықтан бұзақылық актілеріне немқұрайлы қарамау, мүмкіндігінше осы іс-әрекеттердің жолын кесу және құқық қорғау органдарына хабарласу арқылы біз туған өлкеміздің дамуына аз да болса өз үлесімізді қоса білейік. Өйткені, ауданымызда жасалып жатқан бұл жұмыстың бәрі де біздің заманауи өмір сүруімізге жасалып жатқан алғышарттар. Ендеше өзіміздің қауіпсіздігіміз алдымен өзімізге керек екенін есімізден шығармайық!

 

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале