Әлеуметтік желіде желдей ескен Барбастау - Индер тасжолы жағдайы көпке аян. Жолды жөндеу жұмыстарына көңілі толмаған халық мердігердің сапасыз қызметін желіге дәлелмен жүктеген.
Желідегі ақпараттарды көріп Теректі аудандық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының партиялық бақылау комиссия төрағасы Әлжан Нұрғалиев, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев, аудандық мәслихат депутаты Руслан Сәменұлы мәселе көтерген Шағатай ауылының тұрғындарымен жүздесті. Депутаттар жол жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер компания өкілі, «Юнисерв» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Дархан Бекболатұлын алдыртты.
Кездесуде халықтың базынасы толықтай тыңдалды. Жол жөндеу жұмыстары аяқталмастан ауыр жүк көліктері сол жолмен қатынауы осы мәселенің тууына себеп болған.
Мердігер компания барлық талап-тілектерді толық тыңдап, олқылықтар орнына келеді деп сендірді. Аталмыш жайт аудандық мәслихат депутаттарының жіті назарында болады.
Әділет Орынбасар,
Теректі ауданы