Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2022 жылдың 1 қыркүйегінде «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауы жарияланған болатын. Бұл Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір күн немесе бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан жаңа реформалы мемлекетке айналатынын, Парламент пен мәслихаттар жұмысы жүйеленетінін атап өтті.
Сондай-ақ Президент сот жүйесін жаңартып, реформалау қажеттігін қадап айтты. Және де құқық саласында адал, әділетті әрі жемқорлықтан ада мамандарды тартып, халықтың сеніміне ие болу тұсын басты назарға алу керектігін тілге тиек етті.
Жолдауда алға қойылып отырған мақсат елдің әл-ауқатын арттыру болып саналады. Аталған маңызды құжат мемлекеттік бюджет бекітіліп жатқан шақта жолданды. Демек, алдағы жылдың бағыт-бағдары, істелінетін істері айқындалды деген сөз. Қазынадан арнайы қаржы бөлініп, жаңа жобалар жүзеге асырылмақ.
Соның бір дәлелі – бала күтімімен отырған аналар алатын жәрдемақы 1,5 жасқа дейін төленетін болды. Сондай-ақ, Ұлттық қордан әр баланың есеп-шотына 18 жасқа дейін қаржы аударылып отырылады. Бұл көптен бері жұртты толғандырған сұрақ еді. Біздің ауданымызда көп бала тәрбиелеп отырған 162 ана бар болса, соның 90-ы Шыңғырлау ауылдық округінің үлесінде. Президенттің жоғарыдағыдай оң шешім қабылдауын көп балалы аналар қуанышпен қабылдап отыр. Сонымен қатар дүние жүзіндегі пандемия, қаржылық дағдарыс, державалардың теке тіресі т.б. жағдаяттарға қарамастан, Қазақстан өзінің Ұлттық қордағы қаражатының 50%-ын балалардың есебіне аудармақшы. Мұның өзі болашақ ұрпақтың жарқын қамсыз болашағы үшін жасалып отырған ізгі қадам деп белген жөн.
Қазіргі қоғам – білімді жастардың қоғамы. Басты назарды жасөспірімдердің спорт пен шығармашылық тұрғыда білім алуына жағдай жасауға жұмсауды тапсырды. Сонымен қатар, Президентіміз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды қолға алып, мектепке дейінгі білім беретін ұстаздардың еңбекақысын көтеру қажеттігін атап өтті.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге өсті. Яғни, ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі 41 % құрады. Мұның өзі қарапайым еңбек адамына жасалып отырған қолдау болып табылары сөзсіз.
Мемлекет басшысының тапсырысы бойынша, Қазақстанда үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап Отбасының цифрлық картасын пилоттық режимде енгізу басталды. Бұл мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандайда бір түрін өзі ұсынатын болады.
Әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылып, жоба-кезең-кезеңімен іске асырылады. Бүгінгі таңда көпбалалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы моделі мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің 6 түрін қамтиды. Әлеуметтік кодекстің жобасына да осы әлеуметтік қолдау шараларының барлығы толық сақталумен қатар отбасының жекелеген санаттарын қолданыстағы шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңалықтар енгізілуде.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі саяси ұстанымдарының бірі – ашықтық және қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнату. Ел азаматтарын Отанымызға адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақырады. Жолдауда айқындалған бағыттар өңіріміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Сондықтан да қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жігерімізді жанып, зор ынтамен іске кірісуіміз қажет.
Ендеше, елдің ертеңіне алаңдаған Президентіміздің жаңа бастамаларына қолдау білдіріп, жүктеген міндеттерге жауапкершілікпен қарап және оның орындалуына біз де бірлесе атсалысайық!
Әділ Қаражанов,
Шыңғырлау ауылдық
округінің әкімі