Қазақстанның халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Жұбан Молдағалиевтің туған күніне орай Ақжайық ауданының орталығындағы Жұбан ескерткішінің алдында ақын рухына тағзым ету рәсімі өтті.

«Жыр қыраны – Жұбан ақын» атты шарада жыр алыбының ел әдебиеті мен руханиятына сіңірген еңбегі кеңінен сөз болды. Жұбан Молдағалиевтің шығармашылығы – халықтың мұң-мұқтажын, елдік пен ерлікті, туған жерге деген сүйіспеншілікті жырлаған рухани мұра екені атап өтілді.

Шарада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сағынтай Бисенғалиев сөз сөйледі. Сондай-ақ ақын шығармашылығын арқау еткен өлеңдер оқылып, әндер шырқалды.

Әдеби кеште Арман Шыңғали, Асқар Шаханов, Арман Мақсотов, Теңізбай Нұраш жылдар жүзінде ақындар жазған Жұбан Молдағалиев шығармашылығына арналған туындылары оқыды. Сонымен қатар «Мен қазақпын» Рух тобы өнер көрсетіп, шараның мазмұнын аша түсті.

Шара соңында Жұбан Молдағалиевтің мәңгілік рухына тағзым етіліп, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Аида Асылбек
Ақжайық ауданы
