22.07.2020, 18:26
Оқылды: 110

Жұбан жайлы жәдігерлер сыр шертеді

Биыл ақиық ақын, алдаспан жырдың алыбы, жерлесіміз Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы.  Ақжайық ауданы көлемінде ақынның есімін асқақтататын, ұрпаққа ұлағаттайтын бірқатар салмақты шаралар ұйымдастырылуда, алда да өткізілері анық. Аудандық тарихи-өлкетану музейі де игі үрдістен шет қалмай, ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін жәдігерлер жөнінде әлеуметттік желі парақтарында жазба жариялап, оның мерейтойына өзіндік үлесін қосуда.

54A23DE1-5936-49FD-85B6-7D3560E148BF

Біздің музейде 2010 жылы Жұбанның 90 жылдығына орай оның «жұмыс кабинеті» жасақталған болатын. Аудан делегациясы Алматы қаласына сапарлап, зайыбы Софья апай ақынның өзі ұстаған жеке бұйымдары мен киімін музей қорына тарту етті. Сол сапардың баға жетпес олжасы – ақынның жазу үстелі, Софья жеңгеміз көзінің қарашығындай сақтаған біраз құнды жәдігерлер музей төрінен орын тепті.

Жұбағаңның домбырасы осы экспозицияның қақ ортасынан ойып тұрып орын тепкен. 1950 жылы арнайы тапсырыспен жасалған, үстінгі бетіне сүйектен және жұқа пластмассадан пластинкалар жапсырылған. Солардың ішінде көзге бөлек көрініп, көрерменді тарихы ерекше қызықтыратын жәдігердің бірі – зерлі ер-тоқым. Бұл ерді 1980 жылы Жұбан ағаның 60 жас мерейтойына орай ұйымдастырылған ат бәйгесінде шашасына шаң жұқтырмаған «Құланаяқ» атты сәйгүліктің иесі  Қаршыға Нұрғалиевке ақын аға өз қолымен сыйға тартқан екен. Ерді түгелдей қара былғарымен қаптаған, алдыңғы қасын дөңгелек күннің пішініне сәйкестеп, сарғыш жезбен өрнектелген. Астындағы тоқымы қалың жүннен басылып, сыртынан былғарымен қапталып, тігілген, шеті дөңгелек темір түймелермен өрнектелген.

Ал «VEF-202» транзисторы – Қаратөбе ауданы Жусандой шаруашылық бірлестігінің 1978 жылы ақынға тарту еткен сыйлығы. Сол кезде көптің қолына түсе бермейтін «Электроника-404» телевизорын 1982 жылы Қазақстан Компартиясы мен Жоғарғы Кеңесінен СССР-дің 60 жылдығына орай сыйлыққа алған көрінеді.

Алдағы уақытта онлайн форматта «Тарихи жәдігерлер сөйлейді» атты тақырыптық экскурсиялар өткізіп, ақынның өмірін айшықтайтын құнды жәдігерлерді көпшілік қауымға таныстырып, жерлестерімізге ақынның шығармашылығын осылайша насихаттау жоспарымызда.

Юлия Нұрланқызы,

Ақжайық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі,

Суретті түсірген Азамат Қанапия

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале