Ақжайық ауданындағы №26 сайлау учаскесіне Жұбандықовтар отбасы бірге келді. Қанатқали Жұбандықов пен зайыбы Римма Жұбандықова ел өміріндегі маңызды саяси науқанда өз таңдауларын жасады.

Римма Жұбандықова – татар ұлтының өкілі. Қазақ отбасына келін болып түсіп, осы шаңырақта бала тәрбиелеп, немере өсіріп, өнегелі ана атанды. Қазақтың салт-дәстүрін бойына сіңіріп, ұлттық құндылықтарды отбасылық тәрбиенің өзегіне айналдырған.
Сайлау учаскесіне ол жұбайы Қанатқалимен бірге қазақы нақышта киім киіп келді.
– Ұлтым татар болғанымен, қазақ отбасына келін болып түстім, балаларым қазақы ортада тәрбиеледі. Қазақтың салтын, дәстүрін, тілін құрметтеп өстім. Сондықтан жүрегім қазақ деп соғады десем, артық айтқаным емес. Сайлауда дауыс беру – азаматтық міндетіміз. Жұбайыммен бірге келдім, балаларым да өз таңдауын жасады. Елімнің ертеңі, ұрпағымның келешегі үшін дауыс бердім бүгін, – дейді Римма Жұбандықова.
Рақым Берікқали
Ақжайық ауданы