24.02.2022, 21:48
Оқылды: 80

Жүйріктер тартысы: теректілік өрендер айтысқа түсті

Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылында аудан тарихында тұңғыш рет оқушылар арасында айтыс өтті. Балалар жылы аясында оздырылған сөз сайысы Теректі ауданы әкімі Тілек Ғабдушевтың бастамасымен және аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен жүзеге асты. Ауданның барлық мектептерінде іріктеу айтысы өтіп, олардан озық шыққан 12 өрен Ақжайық сахнасын жырға бөледі.

IMG-20220224-WA0083

«Мен бақытты баламын» атауымен өрбіген оқушылар айтысында алты жұп сахнаға шықты. Долин ауылындағы Чапаев ЖОББМ-нің 7-сынып оқушысы Сырым Нұржан және айтыстың ең кішкентай қатысушысы Подтсепный №1 ЖОББМ-нің 5-сынып оқушысы Інжу Максим бастады тартысты. Әрине, қандай орта болмасын сөз бастау оңай болмаған. Дегенмен, Сырымның жырға жастайынан қанық өскені, домбыраға бейім екендігі сезіліп-ақ тұрды.

Екінші жұп боп сахнаға көтерілген аудан орталығының намысын қорғаушы, Федоров ЖОББМ-нің 9-сынып оқушысы Фарида Аманбай мен шағатайлық шайыр, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Дәурен Темірболат та тым тәуір айтыс жасады. Әсіресе Дәурен қазақтың ақындары мен батырларын жіпке тізіп, қазақ тілінің бүгінгі таңдағы мәртебесін жырлады.

IMG-20220224-WA0084

Қоғамдағы һәм аудандағы түйткілді мәселелерді кеңінен үшінші жұп қозғады. Ақжайық ауылына қарасты Абай ауылындағы мектептің 9-сынып оқушысы Ақерке Сағидуллиева «Қанды қаңтар» оқиғасын, аудандағы онмастика мәселесін тілге тиек қылса, оның қарсыласы Зейнеп Жексен (Подтсепный ЖОББМ-нің 7-сынып оқушысы) ауылындағы жаңадан бой көтерген спорттық кешенді, ауыз судың жағдайын, Подстепныйға Марабай жырау есімін беру туралы ойын өлеңмен әсемдеп жеткізді.

Ал, Ақсуат ЖОББМ-нің 11-сынып оқушысы Ермахан Тельманов пен Ақжайық ЖОББМ-нің 10-сынып оқушысы Аяш Айғалиева нағыз қыз бен жігіт айтысының үлгісін көрсете білді. Сабырлы қалпымен шымшып сөйлейтін Ермаханнан мінезді Аяш жасқанбады. «Бұрынғы батыр бабаларымыз Ермаханды көрсе не дер екен» деп түйреп те алды. Ермахан жігітке тән сыпайылық көрсетті, тарпа бас салмады. «Жеңілуге келгем жоқ» деп ұрандаған Аяш төкпелетті сосын. Көрерменнің қошеметінен құлақ тынды.

IMG-20220224-WA0080

Сол керемет көңіл күйге бесінші  жұп сәл тұсау салғандай еді. Айтыс – сөз және эмоция, әртістік қабілеттің синтезі ғой. Шалқар ауылдық округіндегі Хамза Есенжанов атындағы ЖОББМ-нің 10-сынып оқушысы Азиза Елемесова мен Подстепный ЖОББМ-нің 7-сынып оқушысы Нұрберген Ғалымжанға сол эмоция мен әртістік қабілет жетіспеді. Бірақ Азизаның сөз саптауы інісіне қарағанда басымырақ болды.

Айтысты тәмамдаған соңғы жұптан халықтың күткені көп болды. Ақжайықта өтіп жатқан айтысты аяқтайтын ақжайықтық қос талант-тұғын. Аталмыш ауылдың атауымен бірдей білім ордасының 10-сынып оқушысы Мерей Шайдрахманов пен 7-сынып оқушысы Ділназ Исмағұл керемет бастады. Әсіресе Ділназ қыздың қарқыны қатты. Төгілтті, көсілді, халық қиқуға басты. Бірақ қарсыласының екпініне Мерей дайын болмай шыққан сыңайлы. Сөз тартысы тым қысқа болды.

Зейнеткер-ұстаз Ғазиза Рахметова, ақын, аудандық мәслихат депутаты, аудан айнасының редакторы Әділет Орынбасаров, Ақжайық ауылдық әкімдігінің бас маманы, ақын Айбек Әбілқалым, жас айтыскер ақын Нұрдана Темір және «Ғазал» жас ақындар клубының мүшесі Нұршат Тұрсынхан қазылық еткен айтыстың жеңімпаздары анықталды.

IMG-20220224-WA0081

Нәтижесінде, айтыстың Бас жүлдесі ақжайықтық Аяш Айғалиеваға бұйырды. Оған ұйымдастырушылар домбыра және ұялы телефон сыйға тартты. Айтыстың І орынын ақсуаттық Ермахан Тельманов жеңіп алса, ІІ орынды ақжайықтық Ділназ Исмағұл және шағатайлық Дәурен Темірболат еншіледі. Ал ІІІ орынды Долин ауылынан келген Сырым Нұржан мен сарыөмірлік Азиза Елемесова місе тұтты. Жеңімпаздардың барлығына ұялы телефон сыйға берілді.

Басқа қатысушылар да құр қол қалмады. Оларға алғысхат табысталып, сый ретінде кітап ұсынылды. Айтыстың ең жас қатысушысы Інжу Максимге аудандық білім беру бөлімі қаржылай тарту жасады.

Сайып келгенде, осыдан он шақты жыл бұрын Теректінің төрінде теректілік 12 балғын айтысады дегенге біреу сенсе, біреу сенбеген болар. Алайда бүгінде жанарларында жалын бар, бойларында дарын бар жастар өсіп келеді. Жүректері жырға оранған оларға қарап болашаққа деген сенім нығая түскендігі ақиқат.

Әділет Зере,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале