Бекзат өнер саналатын би көрерменге адамның ішкі жан дүниесі мен мінез-құлқын да дәлме-дәл жеткізетіні рас. Тіпті, тіл жеткізе алмайтын дүниелерді бимен айшықтауға болады. Бір сөзбен айтқанда, би — сезім мен нәзіктікті жеткізуші өнер.
Осы саф өнерді серік еткен теректілік Үлгілі «Жұлдыз» би ансамблінің жеткен жетістігі жетерлік. Олар мұнымен тоқтамақ емес. Мәселен, Орал шаһарында өткен «AQZHAIQ» республикалық өнер фестивалі аясында «BI DAYYSY» атты байқаудан тағы да жүлдемен оралды. Бұл сүйінші хабарды аталмыш ансамбльдің жетекшісі Жанар Тайшыбаева жеткізді.
— Өнер додасына қатысқан бишілерім су жаңа костюм киіп, көрермен назарына жаңадан қойылған биді ұсынды. Сайып келгенде, «Шаттық» және этно стиліндегі «Дала қазынасы» биі бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар
«Раздолье» деген орыс биіміз бірінші орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, ең жоғарғы «TANYM» сыйлығына ие болдық және «Шаттық» биіне мамырдың 27-сі күні Түркістан қаласына жолдама берді, - дейді Ж.Тайшыбаева.
Айтпақшы, байқау барысында осы «Шаттық» ең үздік қойылым, костюм, ұжым деген атаққа ие болды.
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz