27.05.2020, 6:10
Оқылды: 46

Жұмақ иісі аңқыған мекен

Мына жарық әлемде ананың омырауын жібітіп, алпыс екі тамырын идірген сәбидің қылығына жетер қуаныш бар ма? Өмірге дені сау, он екі мүшесі бүтін бала әкелу – әр ананың арманы. Іңгәлаған сәби, іңкәр сезіммен бөпесін бауырына басқан ана, сүйінші хабарды естіген әке... Әр нәресте жарық дүниеге келгенде оның кіндігін кесіп, алдымен қолға алатын акушер, гинекологтың алдында зор жауапкершілік тұрады. Осы жауапкершілікті арқалаған жандардың жұмыс мекеніне баруды жөн көрдік.

EA920EAF-6485-4BC3-A824-C05F39691B1E

Жәнібек аудандық ауруханасының директоры Сәуле Исмағұлова алдымен жүкті әйелдерге арналған жағдаймен таныстырды. Патология, арнайы аппараттармен жабдықталған палаталар, босануға арналған, ана мен бала бөлмелері жанға жайлы. Перзентханада өз үйіндей еркін жүрген жоғары санатты гинеколог Сәуле Мұғаятқызы 30 жылға жуық уақыт гинекология саласында қызмет атқарып келеді. Өзі өрімдей жас кезінен үрей мен үміт, қорқыныш пен қуаныштың дәмін татыпты. Көп әйелді қуаныштан жылатты. Талай сәбидің кіндігін кесті. Перзентханада төрт акушер-медбике, төрт санитар-қызметкер қызмет етеді. Бұл құрамға осы салада 19 жыл бойы қалтқысыз қызмет атқарып келе жатқан акушер-медбике Ұлжан Ғұбайдуллинаны да қосуға болады. Ақ халаттылармен бірге келе жатқан санитар апайлар Сәуле Сабирова, Бірғаным Сәрсенғалиева, Назым Бәсерова, Айгүл Ғиззатовалар да қарбаласқан талай қиын сәттер мен қуаныштың куәгерлері. Акушер-медбике Гүлмира Бейісова 27 жыл, Меңсұлу Ғұсманова 23 жылдан астам уақыт ішінде көптеген сәбидің дүниеге келуіне дәнекер болды. Абзал жандар аналармен бірге қуанып, солармен бірге қобалжып, әр күніміз осылай өтуде екен ғой деп әңгімелерін кейінге шегініс жасаумен бастады.

F1182C75-12B7-458C-91BB-B68B13127C95

-Бастапқы біз келген жылдарда перзентханада газ жоқ, көмірмен от жақтық. Фонарлар сынып қала беретін. Шаммен босандыратын еді. Көпреттік шприц, қолғаптарды пайдаланамыз. Оларды залалсыздандыру үшін қайнататын едік. Алғаш еңбек еткен жылдары аналардың тоғызыншы, оныншы, он бірінші перзенттерін өмірге әкеліп жатқандарын көрдік. Ол кезде бәрі аудан орталығында босанды. Қазіргідей облысқа жіберілмейді. Сонда күніне 5-6 ананы  босандырып алатынбыз. Балалар бөлек палатада жатады. Еміздіру үшін коталкамен тасимыз. 1993-1994 жылдары перзентханада айына  аз дегенде 30 нәресте дүниеге келсе, қазір айына 15-тен аспайды, - дейді Гүлмира.

BC97520E-E90A-49A0-AB2E-C6471144DCF2

Акушер Меңсұлу  да әріптесінің сөзін жалғастырды. – Бүгінгі күнді баяғымен салыстыруға тіпті келмейді. Сәбилеріміз бұрынғыдай емес, анасының қасында бірге болады. Бұрын барлығы жалпы палатада босанса, қазір әрқайсысына жеке палата беріледі. Босанатын бөлмеге ауырсынуын  жеңілдететін аспалы арқан, доп сынды құралдар қойылған. Сондай-ақ «серіктестікпен босану» деген тағы бар. Яғни олар босанарда қасына біреуді ілестіріп келеді. Әр анаға үй жағдайы қарастырылған. Бүгін бір қыз баланың өмір есігін ашуына жәрдемдестім. Аман-есен жеңілденген әйелдің қуанышын көрудің өзі біз үшін бақыт. Тіпті жас маман болып келгенде алғаш босандырған күйгенкөлдік әйел де әлі күнге көз алдымда. Мұндай сәттер ешқашан ұмытылмайды. Еңбек еткен жылдарымда үш мәрте егіздерді босандырыппын. Бір қызығы бұрын УДЗ аппараты болған жоқ. Әйелдің ішінде егіз барын білмейміз. Босандырып жатқан сәтте ғана түсінеміз. Сондай қызықты сәттердің талайын бастан кешірдік. Аудандық перзентханада Тамара Құрманғалиева, Әлия Биташева сынды білгір акушер-медбикелер көп болды,- дейді ол өз сөзінде.

Уақыт бір орында тұрмайды. Заман өзгереді. Адамда өзгеріс бола ма? Бұрынғы мен қазіргі әйелдердің арасындағы айырмашылықты сұрағанымда көп жылдық өтілі бар қызметкерлердің де айтары жоқ емес. - Бұрынғы әйелдердің денсаулығында кінарат болмайтын. Қаназдық тіптен аз болған. Жиырма бірінші ғасыр жастарының екінің бірінде қаназдық, қан қысымы, салқын тию, бүйректің қабынуы бар. Бұрындары тастанды балалар көп болған. Тұрмыс түзелді. Қазір бетін аулақ қылсын, тастандылар жоқтың қасы,- дейді олар.

Перзентханадағы жас мамандар Айнагүл Сұлтанова мен Гүлнұр Рамазанованы аудан орталығында босанған әйелдер жақсы таниды. Жастығына қарамай білікті маман екендіктерін дәлелдеген олар, талай ананың алғысына бөленді. Жұмысында ширақтығымен көзге түскен жастар өз кәсібін мақтан тұтады. Өмірге келген сәбилердің денсаулығын дәрігер Анара Нұрланқызы тексеріп, үйлеріне шыққанша қадағалайды. Айта кететін бір жайт, аудан орталығында перзентхана бола тұра, қалаға босану үшін сабылатын әйелдер бар. Көпшілік тұрғылықты жерде жеңілденуді қалайды. Алайда қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрінің №325 бұйрығына сәйкес жүкті әйелдер денсаулығына байланысты үш деңгейге бөлінеді. Бірінші деңгейге жататындар анемияның жеңіл түрі барлар және денсаулығында ешқандай күнәрат жоқтар жергілікті жерде босанады. Ал екінші деңгейге патологиялық ауру болса, мәселен қан қысымы, бүйректің қабынуы, жоғары аннемия сынды сырқаты барлар жатады. Олар облыс мамандарына жолданады. Ал үшінші деңгейдегі ауыр дерті барлар републикалық орталыққа кетеді. Перзентханада жоспар бойынша кесер тілігі жасалмайды. Шұғыл жағдай туындаған кезде ғана ота жасалады.

Р.S.«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген сөз бар. Сәбидің иісі аңқыған мекенге баратынымды  жоспарлаған күні  бір «кесте тігер» мен «атқа мінер» өмір есігін ашыпты. Періштелерді көру сәті де бұйырды. Шақалақ тіршілік иесі екенін білдірткендей тырбаңдап қояды. Шашбаулымды өмірге әкелген 27 жастағы Динара да шаршағанын білдіртпей мәз. Қиындыққа мойымайтындығы үшін «Әйелдің қырық жаны бар», «Әйел қырық шырақты» деп бекер айтпаған шығар. Осындай әдемі көріністің өзі адамға үлкен ерік-жігер беретін секілді.

Әсемгүл  Қуанғалиева,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале