Теректі ауданы Ақжайық ауылында аудандық балалар шығармашылық үйі мен Ақжайық ЖОББМ-нің ұйытқы болуымен «Жарқын жүздесу» өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген шараның бұл жолғы меймандары — акробатикалық жолда секіруден әлем чемпионы Ислам Қабдоллов, «Жанғали Нәбиуллин» атындағы төсбелгі иегері, ақын-журналист Әділет Орынбасаров, Ақжайық ЖОББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлсезім Мағзомова, дзюдодан республикалық турнирден екінші орын иегері Махамбет Мұратбеков болды.
Жүздесудің жүргізушісі Үміткер Орынғалиев қонақтарға өмірбаяны һәм жұмыстары хақында сұрақтар қойды.
Көпшіліктің көңілінен шыққан кеш барысында Ә.Орынбасаров, Г.Мағзомова, М.Мұратбековтер өз туындыларын оқыды. Сондай-ақ И.Қабдолловтың жетістігі баяндалатын бейнебаян жұртшылықтың назарына ұсынылды.
Сонымен қатар Б.Әбуханов «Отан әнін» шырқаса, Д.Исмағұл, А.Айғалиевалар «Махамбеттің термесін» орындады. Бетпе-бет кездесудің соңында Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Қадыралиев сөз алып, аудан әкімі атынан қонақтарға естелік сыйлық тарту етті.
Айшабибі Мәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz