Жымпитылық жігіттердің жалғызбасты, мұқтаж жанның отбасына көгілдір отынды кіргізіп беруге, қайырымдылық іске халықты жұмылдырып жатқанын естіп-көрген соң, жақсылықтың жаршысы болайық деп сол істің басы-қасында жүрген блогер Мейрамбек Кеңесовке хабарластық. Сөзімізді жерге тастамай, «телефоннан-ақ айта салайын» демей, Мейрамбек ініміз уақытын бөліп, редакциямыздың қонағы болды.
Мейрамбектің айтуынша, «Алтын ұя» балабақшасының директоры Манарбек Жайсұлтанов аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратып жүрген кезінде жымпитылық жалғызбасты ана, С.Сейфуллин көшесі, 15 үйдің тұрғыны Борғымаш Балмұратованың да үйіне барды. Жағдайын көрді. Көгілдір отын тек газ плитаға ғана кіріп тұр. Жасы егде тартқан адамға күл шығарып, отын жару, от жағу оңай шаруа емес. Адам жақсылыққа тез бой үйрететін заманда әжей түгілі жастардың да мұндай шаруаны қиынсынатыны шындық. Алдыңғы өткен апталардағы сақылдаған сары аяздарда отқа жылынып болмайтын үйдің қандай ызғар болғанын Борғымаш әже ғана біледі. Әжеймен бірге жүректен ота жасатқан мүмкіндігі шектеулі інісі тұрады.
Манарбек Жайсұлтанов жағдайды жанында жүрген жігіттерге айтып, бейсенбі күні жанашыр азаматтар Манарбек Жайсұлтанов, Мейрамбек Кеңесов, Әсет Нығмет Борғымаш әженің үйіне барып, жағдайын көрсетіп, видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіге таратты. Жұма күні таңертең таралған видео бір күнде қажетті қаржыны жинауға сеп болды. Халық қасиетті жұма күнгі садақаларын Манарбектің Kaspi Gold шотына аударды. Кешкі сағат жетіде толық сома жиналды. Түстен кейін Борғымаш Нығметқызының Жымпитыда тұратын туыстары хабарласып, 120000 теңгемен көмектесті. Ауданның бірер кәсіпкерлері де (есімін көрсетпеуді қалады) қаржылай көмек қолын созды. Қалған қаражатты халық жинап берді. Қаржыдан бөлек тоңазытқыш, су ысытқыш, раковина, газ плитасын үш демеуші (есімдерін жасырған) алып берді.
Көлік мәселесін шешіп, дүйсенбі күні Манарбек пен Мейрамбек қалаға аттанды. Кешкісін барлық қажетті құрылыс материалдарын, тұрба, қазандық, кеңейткіш, жылу батареяларын алып келді. Одан бөлек басқа да қажетті ұсақ-түйек алынды. Газ тұрбаларын дәнекерлеуші де қайырымдылыққа үлесін қосып, төмен бағада қызметін ұсынды.
Ауданның газ мекемесінен рұқсат алынып, сейсенбі күні тұрба жүргізу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға екі күн уақыт кетті. Бейсенбі күні барлық жұмыстар аяқталды. Жігіттер әжейдің тұтынатын көгілдір отынының ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айындағы төлемдерін төлеп бермекші. 500 мың теңге қаржы жұмсалды, қалған 200 мың теңге қаржы кезекті қайырымдылыққа арналатын болады.
Халыққа көмек көрсетуге мүдделі төрт азамат – Манарбек Жайсұлтанов, Мейрамбек Кеңесов, Әсет Нығмет, Меңдібек Жайлауов «Сырым үні» қайырымдылық қорын ашты. Жігіттер қорды заңдастырып, құжатын жасатып, арнайы шотын ашуды көздеп отыр. Жиналған ақшаны шотқа сақтап, мұқтаж отбасыларға жәрдем бермек ниетте. Әзірге қол ұшын созам, садақа берем деушілер Манарбектің 87055900080 нөмірлі Kaspi Gold шотына аудара берсе болады.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz