11.11.2022, 12:46
Оқылды: 63

Жымпиты – Ақсай тас жолының құрылысы 2023 жылы аяқталады ма?

Кеше Сырым ауданы Елтай ауылдық округіндегі жиналыста халық осындай сауал қойды.

3

- Сырым ауданының солтүстік бетіндегі үш округ – Аралтөбе, Талдыбұлақ және Елтай үшін сындарлы кезеңдер басталды. Қар мен жаңбыр алмасып жауып тұр, жол балшық. Қатынас үзілді. Жымпиты мен Ақсайдың арасындағы жолдың құрылысы басталған. Бірақ, асфальт Жымпитыдан шығып Аралтөбеге жетпей, Ақсайдан шығып, Тасқұдыққа жетпей, жұмыс тұрып қалды. Екі ортада елеңдеп біз отырмыз. Толық асфальттау қашан аяқталады? Екінші сауал, Ақсай қаласына барар жолда жолдың қатқыл табаны қырып алынған, бірақ орнына не асфальт, не қиыршық тас төселмеген. Босап, езіліп кеткен жол күз бен көктемде халықты әрі қарай әбігерге салмай ма? – деді ауыл тұрғыны, педагог Сатым Қажгереев.

1

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев мәселенің орынды екенін айтып, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Айтқалиевқа жол құрылысына тапсырыс беру облыстық басқармаға ұсыныс даярлауды, мердігерлердің тиянақты жұмыс істеуін, Сырым ауданының орталығы мен Бөрлі ауданының орталығын қосатын жолды күтіп-ұстауды жоғары деңгейде атқаруды тапсырды. Айта кетейік, ауданаралық жолды тегістеп, тазалап, қырып, қатынасқа дайындауды «Орал жолдары» АҚ өз міндетіне алған.

5

Жиналыста Елтай ауылдық округінің әкімі Рашид Байровтың хабарламасы тыңдалып, талқыланды. Халық ауыл әкімінен бөгетті бөгеген уақытта санитарлық талаптарды сақтауды, мал бағымын ұйымдастыруды, жайылымдық бөліністерді реттеуді, мал суаратын бұлақты тазалауды және бұралқы иттерді жоюды сұрап отыр.

Округтегі жылы ұя, алтын орда – мектептің де мұңы көп. Ескі ғимараттың шатырынан су кетіп тұр.

- Тиісті ұсыныстарды даярлап, жолдаңыздар. Мектепті ұстау керекпіз. Себебі, білім үйі ауылды ұстап тұр, - деді аудан әкімі.

Жалпы, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарын тікелей облыстық басқармаға бағындыру тәжірибесі тек қана сәтсіз нәтижелерге бастауда. Аудан әкімдіктері фельдшерге бір шприц, мектеп есігіне бір тұтқа алып бере алмайтын дәрежеге жетті. Себебі, билік пен бюджет облыстық басқармада. Ал, мәселенің салмағы аудан әкімінің мойынында.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале