Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында автомобильдік газ толтыру компрессорлық стансасы (АГТКС) бар жол бойы сервистік қызмет көрсету кешені пайдалануға берілді.

Нысан республикалық маңызы бар Самара – Шымкент автомобиль жолының бойында «Алаш Метан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен салынған. Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды.

Кешен құрамында автомобильдік газ толтыру компрессорлық стансасы, жол бойы сервистік қызмет көрсету пункті, дүкен, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар, жеңіл және жүк көліктеріне арналған автотұрақ, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым мен абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылған.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 21 миллион текше метрге дейін сығылған табиғи газ өндіруге мүмкіндік береді. Жобаның іске қосылуымен 14 тұрақты жұмыс орны ашылып, өңір тұрғындарын жұмыспен қамтуға және аудан экономикасының дамуына үлес қосады.

Заманауи компрессорлық жабдықтар автокөліктерді сығылған табиғи газбен қауіпсіз әрі үздіксіз қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар табиғи газды қозғалтқыш отыны ретінде пайдалану қоршаған ортаға тарайтын зиянды шығарындыларды азайтып, транзиттік көліктерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Азат Абайдильдин, «Алаш Метан» ЖШС құрылтайшысы Болат Бушанов және «Алаш» құрылыс компаниясы ЖШС директоры Исатай Темірбаев және Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысып, құттықтау сөзін сөйледі.

Салтанатты рәсім барысында құрметті қонақтар автомобильдік газ толтыру компрессорлық стансасын жауып тұрған арнайы жабындыны ашып, нысанды ресми түрде іске қосты. Одан кейін жаңа кешеннің жұмысымен және инфрақұрылымымен танысты.

Шара соңында Жымпиты ауылының ақсақалы Сағынғали Айтанов ақ батасын беріп, жаңа кәсіпорынның ел игілігіне қызмет етіп, берекелі жұмыс істеуіне тілектестік білдірді.
Қоңдыкер Жеңісұлы,
Сырым ауданы