20.05.2021, 21:26
Оқылды: 362

Жымпитыда жаңа мешіт ашылды

Бүгін Сырым ауданынның жамағаты үшін қос бірдей қуаныш болды. Бір мешіттің алғашқы қадасы қағылып, тағы бір мешіт ашылды. Қос бірдей қуаныш орын алған күні Алланың нұры – жаңбырдың да төгуін халық жақсылыққа балады. Қуанышты бөлісуге облыс, республика көлеміне танымал қонақтар келді. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының  төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, қоғам қайраткері, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Тalim TV» арнасының басшысы Мұхамеджан Тазабек, Батыс Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Қособаның төл перзенті, ақын, мешіттің құрылысына бастама көтерген азамат Бауыржан Халиолла, басқа  да қонақтардың табаны алдымен Қособа топырағына тиді.

 1

Мұнда игі іске арналып, Алланың разылығы үшін құрбан шалынды.  Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құран бағыштады. Қособада бой көтерер мешіттің алғашқы қазығын қағу рәсімін бас мүфти жүргізді.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Орал қаласының Зашаған кентінде де салынатын мешіттің қазығы қағылғанын, игілікті іс Сырым ауданында жалғасын тауып жатқанын айтты. Қособа ауылын «Рухани орталық, имандылықтың ұясы» деп атаған Б.Нарымбетов мешіттің ашылуында бас қосайық деген тілегін жеткізді.

2

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Жақсы іске куә болуымыз біріншіден, Алланың, екіншіден, Тәуелсіздіктің арқасы. Егемендігіміз қиямет күніне дейін жалғассын. Жаратушы Алла қасиетті Құранда: «Әлбетте, расында Аллаға шынайы сенгендер және ақыретке сенгендер Алланың үйі мешітті көркейтеді» дейді. Кімде-кім мешіт тұрғызса, Алла тағала оған жәннатта үй тұрғызып береді. Мешіт адам баласын имандылыққа тәрбиелейді. Үлкенді сыйлауды, ата-ананы құрметтеуді, балаға дұрыс тәрбие беруді, мұқтаждарға көмектесуді үйретеді. Осыдан бір жыл бұрын маған Бауыржан Халиолла келіп, осындай игі істің бастағалы тұрғанын айтып, шақырып кетті. Алла нәсіп етіп, Қособаға келіп қалдық. Мешітке қосқан үлестеріңіз қабыл болып, сауапқа жазсын, - деген лебізін айтты.

5

Қоғам қайраткері, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Тalim TV» арнасының басшысы, Мұхамеджан Тазабек:

–   Қособа ауылы – даңқы елді шарлап кеткен ауыл. Ауылға мәдениет ошағы ашылғанда келгенбіз. Сол кезде жақсылыққа, тойға келейік деп дұға қылған едік. Менің де туған ауылымда мешіт жоқ еді, ақсақалдармен ақылдасып, мешіт салдық. Мешіт салынғаннан кейін Алланың нұры жауып, береке кіріп, ауылға жол, су келді, қылмыс азайды, елдің бірлігі айрандай ұйыды. Аллаға жағам десең, азанды бол, ағайынға жағам десең, қазанды бол. Сондай жақсылықтар Қособада да орын алатынына қуанып тұрмын, - деп тебіренді.

3

Қособаның киелі топырағында туған Бауыржан Халиолла бастаған ісін қолдай келген меймандарға шексіз алғысын білдіріп, елдің атынан Наурызбай қажы Тағанұлының иығына шапан жапты.

Бас мүфти «әлі талай шапан киерміз» деп, ол шапанды ауыл ақсақалы Ерсайын Төлеуішевке жауып, «мешіт салынғанда, осы шапанмен намазға кеп тұрыңыз» деді.

Қособалықтардың қуанышы жымпитылықтардың шаттығына ұласты.

Мұнда көптен күткен мешіттің ашылу салтанаты өтіп, халық мәз-мейрам болысты. Жаңа мешіттің ауласы бетперде киген халыққа толды. Мерекелік безендірілген сәнді мешіттің ауласында ойын алаңындағы балалар да шат-шадыман. Бұл күн жымпитылықтар үшін үлкен мереке еді.

6

Сырымдықтарды қуанышымен алғаш болып облыс әкімінің орынбасары құттықтаған Бақытжан Нарымбетов:

–   Осы мешіттің басы-қасында жүріп, сауапқа ие болған азаматтарды, сырымдықтарды жаңа мешіттің ашылумен құттықтаймын. Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған мүфтияттың бір топ өкілдері кешеден бері Ақжайық өңірінің Зашаған кенті мен Тасқала ауданында құрылысы басталған мешіттің қазығын қақты. Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасы елін сүйген ерлерге атамекеніне жақсы істер жасауына үлкен мүмкіндік берді. Елім дейтін ерлер көп болсын. Кеше, бүгін қазығы қағылған мешіттерге үлесімізді қосайық. Мереке құтты болсын! - деді.

11

Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтау сөз сөйлеп, егемендік алған жылы елімізде 68 мешіт болса, бүгінде мешіттер саны 2720-ға жетіп отырғанын айтты. «Нұр-Мүбарак» университеті, медреселер, мешіттер Алланың берген нығметі деп, Сырым аудандық мешітінің бас имамы Әділхан  Наурызбайға Құран кітаптар және Алланың сөзі жазылған қабырға суретін табыс етті.

Наурызбай қажы Тағанұлы Жымпиты мешітін салуға үлес қосқан кәсіпкер, Сырым ауданының құрметті азаматы, қажы Құсайын Бақтияровқа, Ержан Бақтияров, Нұралы Үдреев, Мұратбек Мұхамбедиев, Тілек Махметовке алғыс хат табыстады.

10

Мұхамеджан Тазабек елдің игілігі үшін таңғы сағат төрттен түнгі сағат он бірге дейін қызмет етіп, елдің азанын шақырып, жаназасын шығарып жүрген имамдардың еңбегінің ерекше екенін айтты.

Құсайын Бақтияров мешіт құрылысына көмек қолын созған азаматтарға шынайы алғысын білдірді. Бүгінде өмірден өткен Ералы Үдреев, Айбек Тусилов, Арман Баяндықов, Мэлс Сапаровтардың үлесі зор екенін атады. Құсайын Бақтиярұлы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына жапан жауып, бас мүфти өзіне жабылған шапанды жуырда бес уақыт намазды бастаған Жымпитының ақсақалы Біран Қажымовқа сыйлады.

15

Ақын, «Сырым елі» Бауыржан Ширмединұлы, ақын, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов арнау айтты. Жаңа мешіттің ашылуына арнайы шақырылған әнші, қажы Айдар Тұрғанбеков «Мешітке кел» әнін шырқады.

12

Мешіттің есігінде лента қию рәсімін Наурызбай қажы Тағанұлы мен Құсайын Бақтияров жасады.

Одан кейін бесін намазының уақыты болып, Айдар Тұрғанбек әдемі даусымен азан шақырды. Жамағат жаңа мешітте намаз оқыды.

9

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп ана Светлана Мерцке ҚМДБ-ның 401-ші пәтер кілтін табыстады.

 

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале