15.03.2024, 0:00
Оқылды: 61

Жымпитылық Лариса Үсенова Абу-Дабиден сәлем жолдады

«Сырым елі» қоғамдық-саяси газеті редакциясы жыл сайын наурыз айындағы Көрісу айт, жаңа жылымыз Наурыз мерекелеріне әр қиырда жүрген жерлестердің елге сәлемін жеткізуді дәстүрге айналдырып келеді.

8412470d-cb75-4869-a347-c04353e04fc2

​Осы жылғы Амал мерекесіне орай Біріккен Араб Әмірлігінің «Cleveland Clinic Abu Dhabi» (Кливленд Клиника Абу Даби) әлемдік деңгейдегі көп бейінді клиникасында халықаралық пациенттер координаторы, жымпитылық Лариса Үсенованың елге сәлемін жеткізгіміз келіп отыр.

​Лариса Бақытқызы Жымпиты ауылында Үсеновтер шаңырағында дүниеге келген төрт перзенттің кенжесі. Әкесі Бақыт Үсенов кезіндегі СПТУ колледжінде шебер, анасы Сара Үсенова соңғы жылдары Жымпитыдағы шұжық цехінің меңгерушісі болып еңбек еткен.

Лариса Жымпиты орта мектебін тәмәмдап, Орал қаласындағы медициналық колледжін, Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін «медбике», «жалпы медицина», «акушер-гинеколог» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

​-​ Алғашқы еңбек жолымды Орал қаласындағы облыстық ауруханада хирургиялық, терапевтік және перзентханадағы, гинекологиядағы медициналық мейірбике болып бастадым. Кейіннен әр жылдары Алматы қаласында, Мозамбикте, Оңтүстік Судан астанасы Джубада көші-қон дәрігері, халықаралық көші-қон ұйымында көші-қон мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту және мұқтаж мигранттарға гуманитарлық көмек көрсетумен айналыстым, - дейді қысқаша еңбек жолы жайында кейіпкеріміз.

​Лариса Үсенова бүгінде жеке және мемлекеттік сектордағы медициналық ұйымдарда жұмыс істеп келе жатқан халықаралық тәжірибесі бар медицина қызметкері.

Лариса Бақытқызы (Шортли) жұбайы Томаспен бір ұл, бір қыз өсіріп отырған үлгілі отбасы.

- ​Салт дәстүрге, мерекелерге келетін болсақ, ұқсас тұстары бар. Біздің қазақ халқы секілді Абу-Дабиде әйелдердің ұлттық киімдері бар, қонақжай, үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп сыйласа біледі. Халқы қазақтар секілді тойларды дүркіретіп, кең көлемде өткізгенді жақсы көреді. Ораза кезінде барлық мұсылмандарға ортақ ережелерді ұстанады. Одан бөлек, арабтар туған күн, жаңа жыл дегенді аса жақтырып, елеп-екшемейді.

399b446a-f267-4180-9a7c-da5ae54a7d5d

​Ал, көрісу айт, наурыз тойларын өзіміздің елшіліктегі қазақстандықтар ғана өз арамызда атап өтеміз. Жолдасым – америкалық. Бірақ, соған қарамастан дәстүрлері қатал, бөлек деуге келмейді, ұқсас тұстары жетерлік. Қазақстанға, туыстарымызға, достарымызға мүмкіндігінше жиірек барып тұруға тырысамыз.

​Көрісу айт мерекесі – біздің батыста белең алған мереке. Осы орайда жерлестеріме жылы лебізімді жолдауға мүмкіндік бергендеріңізге рақмет!

Қадірменді жерлестер, сіздерді отбасымның атынан Ораза айт, Көрісу күні, алда келе жатқан жаңа жылымыз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге бай дәстүрлеріміз бен мақтанып, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, берік сақтауларыңызды, әрбір шаңырақта молшылық, береке, байлық, бірлік болуын шын жүректен тілеймін, - деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.

Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале