Жымпитының ендігі әкімі кім? Бұл сұрақтың нақты жауабы 1 желтоқсан күні аян болады. Жымпиты ауылдық округінің әкімін сайлау шарасы сол күнге белгіленді. Саяси додаға қатысуға, халықтың дауысымен әкім атануға үш үміткер ниет білдірген. Сырым ауданында Жымпиты ауылдық округі әкімі лауазымына кандидаттардың арасында дебат өтті.
Жоғарыда айтқанымыздай, Сырым аудандық аумақтық сайлау комиссиясына кандидат ретінде 3 азамат тіркелді. Үш үміткердің де есімін жымпитылықтар жақсы таниды. Дегенмен, атын тану бір басқа, ісін көру бір басқа. Кандидаттар қай саланың өкілдері? Жымпиты – ауданның орталығы. Сондықтан, тұтас Сырым ауданы туралы түсінік Жымпитының кіреберісінен бастап қалыптасады. Олар Жымпитыны дамытудың қандай жолдарын ұсынуда? Міне, «Сырым елі» қоғамдық – саяси газеті осы жайын талдап көрді.
Эльдар Әубәкіров – мәдениет саласының адамы. Бүгінгі таңда Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөліміне қарасты «Демалыс орталығы» МКҚК мекемесін басқаратын оның қызметі халықпен, халықтың көңіл – талғамымен тікелей байланысты. Шыны керек, қазіргі күні мемқызметтің формасы өзгерді. Соның ішінде, әкіммін деп кабинетіңде әкіреңдеп отырумен іс бітпейді. Ауылдың әкімі менеджер болғаннан көп ұтады. Міне, Эльдар мырзада осы қасиет бар.
Эльдар Айдарұлының бағдарламасында өзекті деген екі мәселе көрініс тапқан.
Аудан орталығындағы «Балдырған» балабақшасын, аудандық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу – Жымпитының күн тәртібіндегі мәселелер. Бірі – бала тәрбиесінің алтын шаңырағы, бірі – өнердің ордасы. Балабақшаның тозығы жеткені әсіресе ата-аналардың қабырғасына батып жүр. Мәдениет үйінің директоры халық үшін маңызды тұсты дөп тапқан.
Ал, мәдениет ошақтарын қазіргі заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтуды Эльдар Айдарұлы әкімдікке үміткер болмас бұрын да көтерді.
Бағдарламада:
Ауылдағы ағайынның негізгі мәселесі – мал шаруашылығына қатысты. Себебі, түлік жанұяның экономикасын құрайды. Округтегі мал шаруашылығының мәселелерін зерделеу, саланы дамыту жағынан кандидат Айнұр Құбиеваның тәжірибесі мол. Ветеринар ханым өз саласы бойынша бірқатар қызмет сатыларынан өтті. 2022 жылдан бастап аудандық биологиялық және патологиялық материалдарды қабылдау пунктініңветеринар дәрігері болып жұмыс жасайды.
Айнұр Берікқызы өзінің бағдарламасында:
Жұмыссыздықпен ымырасыз күресу, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін пайдалану – бір реттік емес, ұдайы жүргізілетін жұмыс. Ал, аудан орталығындағы үлкен көшелердің қиылыстарына бағдаршамдар қою – Айнұр ханымның дербес ұсынысы.
Тағы бір кандидат Мейрам Қайырғалиевке әкімдік лауазым да, оның қызметі де таңсық емес. Себебі, ол – Жымпиты ауылдық округі әкімінің қазіргі әкімі. Бұл кандидат бағдарламасына бірқатар мәселелерді сән үшін тізіп қойған жоқ. Ол шаруалар қойын дәптерінде де түртулі тұр. Мейрам Нұрмағамбетұлы сайлауға креслосын қимағаннан емес, бастаған шаруаларды тиянақтау үшін түсіп жатыр.
Қазіргі әкімнің жаңа кезеңге дайындығын, жаңа жоспарларын қарайық:
Байқағандарыңыздай, жоспарлар – нақты, мақсаттар – айқын. Мейрам мырзаның бағдарламасы бір күнде жасалған жоспар емес, кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан жұмыс екені көрініп тұр.
Пікірсайыс ҚР Орталық сайлау комиссиясының «Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» қаулысы негізінде ұйымдастырылды. Дебат – кандидаттардан гөрі, оларға дауыс беретін халық үшін өз таңдауын нақтылап алуға мүмкіндік беретін сәт.
Бірінші кезеңде үміткерлер өздерін таныстырды, өмірбаяндарын ел назарына ұсынды. Екінші кезеңде кандидаттар оппоненттеріне сауал қоюға мүмкіндік алды. Ал, үшінші кезеңде кандидаттар залдағы сайлаушылардың тікелей сұрақтарына жауап берді. Пікірсайыс БҚО аумақтық сайлау комиссиясының әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы тікелей эфирде таратылды.
Сайлаушылар кандидаттарға С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің ғимаратының алдына автотұрақ салу, Жамбыл көшесіндегі қордаланған мәселелерді шешу, Жымпитының жаңа келбеті туралы сауалдарды қойды.
Сайлауға қатысу – өзіңнің жеке тұлға екеніңді, дербес пікір иесі екеніңді дәлелдеу. Былайғы уақытта «Әкімдер неге былай етпейді екен? Мына шаруаны шешпей ме?» - деген әңгімені жиі айтамыз. Ал, өзіміз екі тізгін, бір шылбырды қолға алып, елге қызмет етуге тәуекел ете бермейміз. Міне, ел ішінен суырылып үш үміткер шықты, біреуі сайланбақ. Ойға алған жоспар, мақсаттары бар. Танысыңыздар, таңдаңыздар! Сайлаудан қалмаңыздар!
Бауыржан Шерім
Сырым ауданы