29.09.2020, 12:25
Оқылды: 32

Жыр болған тротуар: сең қозғалды, сапа қандай?

Жыл басында «Толғағы» кешіккен тротуар» деп Бөкей ордасы ауданы орталығындағы басталмай жатып, тоқтап қалған тротуар құрылысын тақырып еткен мақала жарияланған еді.

8156DFAB-FB66-4E7B-9C15-59B6E93B933C

Жаяу жүргінші жолын «Каратт Интернешнл Групп» ЖШС-і өткен жылдың шілдесінде қарқынды бастап еді. Жұмыс жаяужолдың екі жиегін тұрғызумен ғана шектелді.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллиннің мәліметінше, тротуар құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы 2018 жылы дайындалып, сараптамадан өткізіліп, сол жылдың аяғында конкурс жарияланды. Жобалық сомасы 68 млн. 888 мың теңгені құрады. Қаржы облыстық бюджеттен қарастырылған еді. Конкурс жеңімпазы Ақсай қаласынан «Каратт Интернешнл Групп» ЖШС-і боп танылды. 2019 жылдың мамырында серіктестік өз жұмысын бастады. Тротуар құрылысы сол 2019 жылдың соңына дейін аяқталуы керек еді. Дегенмен облыстық бюджеттен қаржы бөлінбей қалды да, жұмысты тоқтатуға мәжбүр болды. Жыл соңында атқарылған жұмыс актісі бойынша 20 млн. теңге бөлініп, серіктестік өкілі арнайы келіп, жұмысшылармен де есеп айырысып кеткен еді.

2ACFA979-8891-42D2-8F28-EDF2799363E3

Бастапқыда қаржы аударылымына байланысты тоқтатылған құрылыс жұмысы пандемия дағдарысына ұласты. Шектеулер жеңілдетіп, карантиндік режим алынып тасталғаннан кейін ғана қайта жан бітті.  

О баста Орда ауылына қарасты Қарасу елді мекенінде білеуше тастөсемдер құйылып дайындалуда, кейін дайын күйінде кеп төсейді делінді. Дегенмен олай болмай шықты. Сайқын шетіндегі С.Сейфуллин көшесінен басталатын тротуар құрылысы басқаша сипатта жүргізілуде. Құрылыс басында бас төсемдер сол бойда жасалып, төселіп жатыр.

Бетонараластырғыш арқылы төсем құйылып, трафаретпен сызғандай ғып, тастөсемнің сұлбасы жасалып жатыр. Бір үйдің алдына көлік кіретін жолақ бос қалдырылып жатса, екінші үйдің алдына төсем еш үзіліссіз құйылып кеткен. Әркелкілік неден?

Осы сауалдарға жауап іздеп,   аудандық тұрғын үй-коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллинге қайтара барып жолыққан едік.

– Келісімшарт бойынша «Каратт Интернешнл Групп» ЖШС-і жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін бітіру керек. Дегенмен пандемияға байланысты кәсіпкерлерге мораторий ретінде жеңілдіктер жасалды. Әрине, жұмыстары баяу жүруде. Дәл бүгін келісімшартты бұзып, «Каратт Интернешнл Групп» ЖШС-ының қызметінен бас тартсақ болады. Дегенмен біздің аудан одан не ұтады? Ақшаның бәрі қайта облысқа өтеді де, ал біз болсақ не ақшаны игермеген, не тротуардың қызығын көрмеген аудан боп қала береміз. Белгіленген уақытынан кешіксе де, жұмыстың неғұрлым нәтижелі аяқталғанын күтуімізге тура кеп тұр,- дейді ол өз сөзінде.

– Жақсы уақытынан кешіксек, ештеңе етпес. Тротуарды салу тәсіліне назар аударсақ, серіктестік қызметкерлері бетонараластырғыш сол жерден төсем жасап, сызық салып кетіп жатыр. Қаншалықты дұрыс іс?

– Бұл жерде «Каратт Интернешнл Групп» ЖШС-інің құйып жатырған төсемінің білеуше тас төсемінен айырмашылығы жоқ. Екеуінің қоспасы бір. Дегенмен біткен жұмысты қабылдап аларда тастөсем болсын, білеуше тастөсем болсын, арнайы экспертизаға жіберіп, сол сараптаманың қорытындысымен қабылдаймыз. Сол экспертиза арқылы қаншалықты жарамды екені белгілі болады. Сапа сертификатына лайықты болмаса біз өз тарабымыздан «Каратт Интернешнл Групп» ЖШС-і атқарған жұмысынан бас тартуға құқығымыз бар,- деді Бисенбек Насимоллин.

Ал бір үйдің алдына көлік өтетін жолға төсем төсемей, бос қалдырып кетсе, екінші үй алдынан еш үзіліссіз өтіпті. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Жалпы аулаңызда көлікке арналған қақпаңыз болса, тас төсем құйылмай, келесі үйдің алдымен жалғасып кетіп жатқан болар. Негізгі тротуар төселіп болғаннан кейін жол-жөнекей қалдырылған үзіктер, бос жерлерге тастөсем төселеді, - дейді мекеме басшысы.

Оған қоса, «Каратт Интернешнл Групп» ЖШС-ының қызметкерлері қай үйдің алдында жұмыс жасап жатса, сол үйден су және электр қуатын алады екен. Бұған аудандық әкімдігінің еш қатысы жоқ екен. Ондай келісім серіктестік пен үй қожайынының арасында ресімделеді екен.  

– Жұмсалған су немесе басқа да комуналдық жүйенің ақшасы төленіп тұруы қажет. Ал жеке тұлға қанша сомаға келіскеніне өзі жауап беруде. Тіпті бас тартса да болады,-деді бұл турасында мекеме басшысы Б.Насимоллин. 

Сонымен жыр болған тротуар құрылысы осы деңгейде жүзеге асуда. Нәтижесін көрер күндер алда.  

Еркебұлан Бисенғалиев,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале