10.04.2026, 11:00
Оқылды: 8

Жырақұдық мектебі - ауылдағы ұлағат ортасы

PHOTO-2026-04-09-13-36-23

Қособа ауылдық округіндегі  Жырақұдық жалпы орта білім беретін мектебі 1969 жылы салынып, пайдалануға берілген. Заманы батыр деп баға берген, кейінгі іні - қарындастары үшін руһ пен айбынның белгісіне айналған даңқты балуан Оралбек Қожагелдин білім алған  мектеп. 

Мектептің маңдайына алтын ұяларынан ұшқанына 40 жыл толуына орай құрдастары 2022 жылы Оралбек Қожагелдинге ескерткіш тақта орнатты. Мектеп екі ауысымда оқытылады. Қазіргі таңда 86 оқушы бар. Мектебімізде мұғалімдер саны 22, оның ішінде: педагог - зерттеуші 3 мұғалім, педагог - сарапшы 7 , педагог - модератор саны 6 . Оқушыларымыз аудандық, облыстық олимпиада, ғылыми жоба сайыстарының жүлдегерлері. 

2022 - 2023, 2023 – 2024 оқу жылын аяқтаған түлектер 100 % оқуға түсіп, мемлекеттік грант иегерлері атанды. Бұл Жырақұдық мектебіндегі игі дәстүр! 

Алтын ұя мектебімізден шыққан “Алтын белгі” иегерлері де бар. Бұл ұстаздарымыздың білім берудегі жемісті еңбегінің жемісінің дәлелі. 2017 жылы Ерғалиев Нұрболат Берікұлы, 2019 жылы Төлеу Айбынды Советқызы мен Нәсіпқали Аслан Қуанышұлы, 2020 жылы Елеу Саят Серікұлы, ал 2025 жылы Қайырлы Ақбота білім сапасының алтынға лайық екенін дәлелдеді. 

“Алтын белгіден” бөлек кішкене ғана мектептен  Қазақстан тарихы пәнінен Республикалық пән олимпиадасының  жүлдегері де шықты. Орынбек Қуанұлы жетекшісі Райгүл Қайырсапақызымен бірге білім шыңын бағындырып, ел зияткерлерінің ішінде үшінші орын иегері атанды. 

Мектеп - ұлт болашағын тәрбиелейтін қасиетті білім ордасы. Ал осы орданың дамуы мен жетістігі көбінесе оны басқарған мектеп директорларының біліктілігіне, көрегендігіне және ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты. Мектеп директоры - тек әкімшілік қызметкер ғана емес, ол ұстаздардың көшбасшы, оқушылардың бағыт берушісі және ата - аналар мен қоғам арасындағы алтын көпір. Әрбір табысты мектептің артында білікті әрі жанашыр директор тұратыны сөзсіз. 

Мектеп тарихында  білім ордасын басқарған басшылардың есімі Қособа өңіріндегі білім беру ісінің майталман мамандары ретінде аталады. 

Кейінгі буынға қажет болар деген ниетпен директорлардың уақыт шеруін тізе кетсек. Демжанов Мағиын (1945 -1959), Боранбаев Әмір (1959 - 1963), Какенов Насыр (1963 - 1968), Хамзин Кәкібай (1968 -1972), Хабиев Ұзақбай (1973 - 1978), Жүсіпов Асан (1979 - 1983), бастауыш мектеп меңгерушісі Ағзамов Мұхит (1983- 1990), Халиуллин Тілеген (1990 - 2007), Супугалиев Есмағзом (2008 - 2012), Жайманов Бейімбет (2013 - 2016), Супугалиев Есмағзом  (2016 - 2022) әр жылдары мектеп директорлары болды. 

Бүгінгі таңда мектебіміздің басшысы-  Расул Бауыржанұлы Аткаев. 

 Ардагер ұстаздардың еңбегі - ұлттың болашағын қалыптастырған асыл мұра. Біздер үшін Өтешова Дина, Сұлтанғалиева Дария, Сейтжанов Бақыт, Ағзамов Мұхит, Касенова Гульнар, Кусайнова Айгүл, Есенова Айгүл, Тайшиева Ғафура, Мурзагалиева Гулжиян секілді ұстаздар есімдері үнемі биік. 

PHOTO-2026-04-09-13-02-20

Мектебізде білімімен көзге түсіп, облыстық жарыстардан жүлделі орыннан көрінген педагогтарымыз да бар. «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» байқауында математика пәнінің мұғалімі Гүлназ Оразғалиева III орын алды. Ал, бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Зерделі ұстаз» облыстық олимпиадасында әріптесіміз Аякөз Бекболатқызы ІІ орын иегері атанды. 

«Педагогикалық идеялар фестивалінде» қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсем Әбілқасымова жүлделі II орын, «Жаңа мектепке - жаңашыл ұстаз» жас педагогтердің VIII Республикалық байқауының облыстық кезеңінің биология пәнінің мұғалімі Эльвира Русланқызы жеңімпаз атанды. 

Ауыл мектептерінің 9 - 11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің  Қазақстан тарихы пәні бойынша Қайырғали Аңсарым III жүлдегері атанып, елді қуантты. Мұғалімі - Қуаныш Өмірзақұлы.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Гүлзат Жолымбет дипломмен марапатталды. Мұғалімі - Алтынгүл Ғибратқызы. Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Боранбек Айлан дипломмен марапатталды. Мұғалімі: - Әсем Махамбетқызы. Облыстық бастауыш сынып оқушыларына арналған «Зерде» ғылыми жобалар байқауында Раяна Әділбекқызы жүлделі III орын алды. Жетекшісі - Аякөз Бекболатқызы. «Алтын сақа» республикалық математикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде  Елеу Сержан үшінші орыннан көрінді. Жетекшісі - Айнұр Сайлауқызы. Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде құқық негіздері пәнінен Жамиғолла Айсана қатысып, дипломмен марапатталды. Мұғалімі - Қуаныш Өмірзақұлы.

Мектеп - ауылдың алтын қазығы. Жырақұдық мектебі - құт пен киенің ұйығы, ұлағаттың ұясы.

Алтынгүл Ғибратова,

Жырақұдық ЖОББМ 

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале