Аяладым арманымды, арымды,
Аямадым, бердім жырға барымды.
Саяладым өлең-өмір гүлзарын,
Нәзік жүрек сұлу жырға табынды, - деп жырлаған, оңтүстікте дүние есігін ашып, батыста жыр кемесінің желкенін желбіреткен Дариға Нұрашова өңірімізге танымал ақын.
Оның өлеңдері бірі нәзік сырға, сезімге толы болса, бірі өршіл, өжет. Дариға ақын «Балауса», «Гүл сезім», «Ақ қайың» жыр жинақтарының авторы.
Бөрлі ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің демалу орталығының ұйымдастыруымен, аудандық білім бөлімімен бірлескен «Туған жерде - тамырым» жобасы аясында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, Бөрлі ауданындағы «Ақындар мектебінің» негізін қалаушы Дариға Нұрашованың шығармашылығына арналған мектеп оқушылары арасында аудандық «Дариға оқулары» байқауы өткізілді.
Ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен, тұңғыш рет ұйымдастырылған отырған жыр додасына 8 жас ақын мен 13 көркемсөз оқу шебері қатысты.
«Ақ қағазға ақтарылған арман жыр» атты ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу кезеңі бойынша І орынға Алмаз МаҺназ, ІІ орынға Кенжебай Ерасыл, ІІІ орынға Гүлім Усманова ие болды.
Бұл кезеңде қазылар алқасы қатысушылардың көркемсөз оқу шеберлігіне тәнті болды. Ақынның қырыққа жуық өлеңін жатқа білетін оқушылардың бар екені де таң қалдырды. Ақынның бір өлеңінің алғашқы шумағын әрі қарай жалғастырып, өлең құрау мақсатындағы «Дариғаша жырлаймын» кезеңі бойынша сайысқа түскен жас ақындар өлең жазуға деген құштарлықтары мен ақындық қасиеттертін дәлелдеп, қазылар алқасын тәнті етті. Бұл кезең бойынша І орынға Кәкім Бекарыс ие болса, ІІ және ІІІ орынды Гүлім Сариева мен Заманбек Оразкелдиев өзара бөлісті.
Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Қалған қатысушыларға диплом мен ақынның қолтаңбасы қойылған жыр жинағы табыс етілді.
Осы жылдан бастап «Дариға оқулары» жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі.
Бинұр Хабидашева,
Бөрлі ауданы