30.01.2026, 9:30
Оқылды: 38

Су сапасы талапқа сай ма?

Қаңтар айында Халықаралық суды тазарту күні белгіленген.  Бұл күннің басты мақсаты – ауыз су мен күнделікті қолданатын суды тазартудың маңыздылығын еске салу, судың тіршілік нәрі екеніне және осы салада жұмыс істейтін мамандардың  жұмысына назар аудару. Осы ретте Орал қаласының тұрғындарына берілетін ауыз суды қалай  тазартылып жатқаны  жөнінде білуді жөн көрдік.

Женисмурат абдрахманов

Облыс орталығының тұрғындарына күнделікті тұтынатын су Жайық өзенінен және Бәйтерек ауданының Байқоныс ауылындағы жер асты су қорынан беріледі. Былтыр жыл соңына таман осы жердегі жиналатын су қорын тазарту үшін «ДХ-100МС» модульді станса орнатылған. «Батыс су арнасы» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Жеңісмұрат Әбдірахмановтың (суретте) айтуынша, мұндағы басты ерекшелік заманауи құрылғымен суды өңдегенде сұйық хлор емес хлор диаксиді қолданылады. Бұл – ауыз суды тазартатын және зарарсыздандыратын инновациялық технология. Суды тазартуға қолданылатын химиялық заттар – хлор диаксиді – 0,65 ± 0,15 мг/л, натрий хлориді – 320 ± 10 мг/л.

Бұл жерде қала тұрғындары үшін тәулігіне 30 мың текше метр су тазартылады. Алдағы уақытта 50 мың текше метрге дейін су тазарту жоспарланған.

Бөлім басшысының айтуынша, «ДХ-100МС» модульді станса барлық қажетті жабдықпен жабдықталған. Аутоматты түрде жұмыс істейтін құрылғы Ресей федерациясында жасалған.

– Хлор диаксидінің тиімділігі сол – ол су құбырында жылдар бойы жиналып қалған қалдықтарды да тазартады. Осылайша су ағатын құбырлардағы биоүлдірлерді, шөгінділерді, микробтарды жояды. Судағы темір, марганец, органикалық қосылыстардың мөлшерін азайтады. Бір сөзбен айтқанда, хлор диоксиді дәм мен иіс тудыратын қосылыстарды тотықтыру және суды зарарсыздандыру үшін қолданылады. Ауыз судың дәмін жақсартады.

Ауыз су құрамы кәсіпорынның зертханасында зерттеледі, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станса мамандары тексереді. Су сапаға сәйкес келеді. Бірақ технология дамыған заманда өндіріс орындарында жаңашылдық болғаны жөн. Су тазартатын құрылғының жұмысына күмән келтірудің қажеті жоқ. Тұрғындардың алаңдамағаны жөн. Мұндай құрылғы Қостанай облысындағы Лисаковск қаласында екі жылдан бері жұмыс істеп тұр. Іске қосылған құрылғы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы алынды, құны – 545 млн теңге, – деді Жеңісмұрат Рамазанұлы. Жалпы кәсіпорын тарататын ауыз суды пайдаланатын абоненттер – 128 505 бірлік. Оның ішінде бюджеттік ұйымдар, заңды және жеке тұлғалар бар. Ал жер асты су көзінен 60 000-нан астам абонент қамтамасыз етіледі.

Осы ретте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереевадан ауыз судың сапасына жүргізілетін зертханалық тексерулер жөнінде сұрадық. Өңірде орталықтандырылған су құбырларынан санитарлықхимиялық және микробиологиялық көрсеткіштер үшін тұрақты су сынамалары алынады. Былтыр санитарлықхимиялық көрсеткіштер бойынша 4163 сынаманың 210-ынан сәйкессіздік анықталған. Бұл 5%-ды  құрайды.

Ал микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 4273 сынама зерттеліп, 179 сынамадан сәйкессіздіктер тіркелген (4,2% деңгейінде).

Гулдана Кереева

– Гигиеналық нормативтердің асып кетуі анықталса, су құбырларын жуу және дезинфекциялау уақтылы ұйымдастырылып, су сынамаларына қосымша зерттеулер жүргізіледі. Қазіргі таңда санитариялық-эпидемиологиялық мониторингтен соң талаптарға сәйкес келмейтін су сынамалары тіркелген жоқ. Ауыз су адам денсаулығына қауіпсіз болуы үшін оның құрамы мен сапасы белгіленген ұлттық стандарттар мен гигиеналық нормативтерге сай болуы тиіс. Жалпы ауыз судың органолептикалық көрсеткіштері, яғни иісі мен дәм көрсеткіші 2 балдан аспауы, лайлылығы 2 мг/л-ден аз, кермектілігі 7-100 ммоль болуы шарт. Адам денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей тәуелді. Осыған байланысты ауыз суға мемлекеттік санитариялық талаптар қойылады, – деді Гүлдана  Қайыржанқызы.

Басшы орынбасарының айтуынша, санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг аясында су сынамалары бақылау нүктелерінен  тоқсанына кемінде бір рет алынып, зертханалық тексерулер жүргізіледі. Алайда су сапасына тұрақты бақылау жүргізілгеніне қарамастан, қала тұрғындарынан кейде үйдегі краннан тот басқан немесе лайланған судың ағатыны жөнінде хабарламалар түседі дейді. Мұндай жағдайлар, негізінен, су желілерінің тозуымен байланысты болып отыр. Сондай-ақ көбіне апаттық жағдайлардан немесе жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарынан кейін уақытша байқалуы мүмкін. Мысалы, былтыр облыста ауыз су сапасына қатысты үш арыз тіркелген. Орал қаласының екі тұрғыны салқын суға, ал бір азамат ыссы судың түсі мен лайлылығына байланысты шағымданған. Арыздар белгіленген тәртіпте уақтылы қаралып, судан зертханалық сынамалар алынған. Онда су сапасының санитарлық талаптарға сәйкестігі анықталып, теріс көрсеткіштер тіркелмеген.

WhatsApp Image 2026-01-27 at 08.30.57

Айта кету керек, таза су тек ішу және күнделікті пайдалану үшін емес, басқа да салаларда аза маңызға ие. Мысалы, қағаз, тоқыма, электроника, тамақ және фармацевтика өндірісінде, балық, ұлу және басқа да теңіз жәндіктерін өсіруге, бассейндер мен спа-салондарда пайдаланылады. Ғарыш кемелері мен стансаларына да қажет. Бірақ әрбір саланың мұндай судың сапасына қойылатын талаптары бар болғандықтан, тазарту үрдісі мен әдістері әртүрлі болуы  мүмкін.

Ясипа Рахимқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале