13.05.2020, 9:59
Оқылды: 44

Маусым жаңа, кесте өзге, мақсат біреу

 Төтенше жағдай аяқталды. Карантиннің де түгесілер шағы алыс емес. Спорттық жарыстар қайта жанданады деген үміт жанкүйерді жігерлендіруде. Әсіресе футболсүйер ағайын кезекті маусымның басталғанын асыға күтуде. Биыл да бірінші лиганың көркін қыздыратын «Ақжайық» күні кеше дайындық жұмыстарына қайта кірісті.

5492D321-E2BF-4B74-AAA1-54C77ABB1191

Маусым алдындағы дайындықты толық өткізіп, енді ойындарға кірісеміз-ау дегенде карантин режімі енгізіліп, командалар бір айды бос өткізді.

20B65A3F-876B-4243-ACEE-0D1E11DA8B2C

Жуырда футболдан ел чемпионатын қайта бастау туралы мәселе көтерген аяқдоп федерациясының басшылығы клуб директорларымен онлайн-конференция ұйыдастырды. Нәтижесінде маусым шымылдығы туар айдың басында ашылатын болып шешілді. Биылғы чемпионаттың тағы бір ерекшелігі - командалар бұрынғыдай аптасына бір ойын емес, екі матчтан өткізеді. Яғни ойындар  екі күн сайын болып тұрады.

F4CC23F9-69DD-436F-8E2A-564F4E9AA1AD

Маусымалды дайындық жиындарын толық аяқтаған «Ақжайық» өткен жылғы лидерлерінің біразын сақтап қалған. Тек Сергей Басов пен Денис Главина, Наурызбек Жагоров пен Дәуренбек Тәжімбетов келісімшарттарын ұзартпаған. Соңғысы мансабын аяқтаса, Наурызбек туған командасы Атырауға кетті. Ал екі легионерімізді енді Орал жасыл алаңынан көре алмаймыз. Сондай-ақ былтыр көрермен көзайымына айналған Мелло Корбелини Италиядағы пандемияның өршуіне байланысты елінен шыға алмауда.

F30CA9AD-6E01-4077-9D59-58BFE7C64E45

Десе де, команда маусым алдындағы жиындарда қатарына біраз тәжірибелі ойыншыларды қосты. Өткен маусымды «Атырау» сапында өткізген жергілікті футбол мектебінің түлектері Эльдар Абдраманов пен Иван Антипов келді. Бір кездері Алексей Мальцевпен тізе қосып, қарсылас қорғанысының құтын қашырған Олег Хромцов та команда қосынында. Астанадан келген жас қақпашы Владислав Саенко мен жергілікті жас талант Александр Удалов тас қамал қақпашымыз Илья Караваевқа бәсекелес болуға ниетті. Сондай-ақ Ресейден келген тағы бір шабуылшы  Иван Столбовой мен қорғаушы Антон Кушнирук, былтыр Алтайды өрге сүйреген Владимир Вяткин жергілікті ойыншылармен тізе қосып, көздеген мақсатқа жетсек деген ойда.

DE628956-6A7D-4780-8663-8527BD260C9A

-«Ақжайық» - қашан да алдына үлкен мақсат қоятын клуб. Аздаған қиыншылықтар туындап тұрғанына қарамастан ойыншылар негізгі құрамы толық жасақталды. Команданың негізін жергілікті футбол мектебінің түлектері құрауда. Жанкүйерлердің футбол маусымының басталғанын күтіп жүргенін білемін. Күні кеше Президентіміз карантин режімінің созылатынын айтты. Сол себепті  маусымның нақты қай күні басталатынын айту қиын. Бір анығы карантин бітті деген күні ойындар кестесі жасақталып, жасыл алаңдағы шайқастар көрерменге оралады. Ол туралы жанкүйерлерімізге хабарлайтын боламыз,- дейді клуб директоры Азамат Шайхы.

Екі ай карантин футболшылардың физикалық жағдайына нұқсан келтірген. Бас бапкер Артур Авакянц та осы жайтты айтады.

-Футболшылардың қазіргі жағдайына қарап команданың толықтай дайын емес екенін көруге болады. Бірақ бұл жағдай тек біздің ғана емес, барлық командалардың басында болып жатыр. Сондықтан қобалжуға негіз жоқ. Биылғы чемпионаттағы тығыз күнтізбе ешкімге оңай соқпайды. Маусым жылдағыдай 9 ай емес, 7 айға созылады. «Ақтөбе» мен «Атырау» сияқты фавориттер анық болғанымен әр екі күні сайын ойын өткізу кім-кімге де ауыр тиеді. Футболшы кезімде осындай күнтізбе бойынша ойнағанбыз. Қазір есіме алып отырсам, апта соңында өтетін екінші матчты жеңу өте қиынға соғатын,- дейді Артур Сергеевич.

Бапкердің айтуынша, жаңа маусым матчтары толық жасақталып, негізгі құрам ойыншыларының орнын жоқтатпайтын қосалқы футболшылары бар ұжымдарға оңай болмақ. Футбол тілімен айтсақ, орындығы кең, яғни әр позицияға қажетті ойыншылары жеткілікті командалар үздіктер қатарында болады. Бұл ретте біз де алаңдамасақ болады. Өйткені Бауыржан Омаров, Руслан Хаиров, Эльдар Абдрахманов сияқты аға буын ойыншыларын алмастыруға қауқарлы Самат Бердәулетов, Ержан Ибрагимов сияқты жергілікті жас ойыншылар мен өткен маусымда үлкен футболдың дәмін татқан Даниил Кочнев, Әділет Болатов, Максим Литвинов сықылды бір топ оралдық оғлан сақадай сай тұр. Бұл чемпионат фавриттерінің бірі саналатын, негізгі күшті жергілікті таланттарға салуға мүдделі «Ақжайық» үшін жақсылықтың белгісі.

Биылғы біріншіліктің тағы бір қызық тұсы батыс өңірдің үш бірдей командасының Премьер лига жолдамасына таласуы. Қазақстан ғана емес, Еуропаның біраз стадионын шулатқан атақты ақтөбелік 13 сектор мен атыраулық жанкүйерлер бірінші лиганың көркіне-көрік бере түседі. Оның үстіне оралдық ультрас пен ақтөбеліктердің бір-біріне деген «сүйіспеншілігі» күнбатыс дербиінің тегін жарнамасына айналып үлгерді. «Ақжайық» пен «Ақтөбе» кездесуі премьер лиганың кейбір ойындарынан да қызығырақ болады-ау деген ойда көп адам. Қос көрші өңір жанкүйерлері өткен жылғы сәтсіздікті ұмытып, келер маусымды жоғары дивизионда өткізсек,- деп отыр.  Үш бірдей батыстық команда біріншілік фавориттері саналғанымен қауқары қатты шығыстағы «Алтай» да қарап қалмасы анық. «Мақтаарал» мен «Байқоңыр», «Оңтүстік Академия» мен «Қыран» да ұпай таратқанды жаны сүймейтін ұжымдар. Сондықтан, біріншілік бұрынғысынан қызығырақ болады.

Команда жанкүйері Артур Есқалиев те бірінші лигадағы батыстық командалар тартысы жарысқа көрік береді деген ойда. Ақтөбенің арқасында стадионға көрермен толатынын да айтады ол.

-Вирус кесірінен сүйікті ойынымыз кейінге шегерілді. Біраз уақыт жаттығусыз қалған ойыншыларымыздың қазіргі физикалық жағдайы қандай екенін де білмейміз. Бірақ футболшылар бізді қуантар ойын үлгісін көрсететініне сенім мол. Өткен жылы Премьер-лигаға шығар жолдамаға сынық сүйем жетпей қалған едік. Биыл ол мақсатты орындай аламыз деген ойдамын. Қарсыластарымыз да оңай шағылар жаңғақ емес. Бірақ біз сенеміз,-дейді Артур.

Ия, басталмай жатып, тоқтап қалған футбол маусымын күткен жанкүйер көп. Жасыл алаңдағы эмоция, жеңістің риясыз қуанышы мен жеңілгендегі үнсіздік ұзақ уақыт үйде отырған ағайынның көңілін аулар еді.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале