30.07.2020, 20:21
Оқылды: 53

Электронды еңбек биржасы үйден шықпай-ақ жұмыс іздеуге мүмкіндік береді

Азаматтарды жұмысқа орналастыру бағытында Орал қаласы жұмыспен қамту орталығында электронды еңбек биржасы қарқынды жұмыс атқарып келеді. Электронды еңбек биржасы арқылы түйіндемеңізді орналастыруға немесе бар бос жұмыс орындарымен танысуға болады.

IMG-20200730-WA0025

Еңбек саласын цифрландыру - жұмыссыз азаматтарға үйден шықпай-ақ жұмыс берушімен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, Қазақстан халқын жұмыспен қамту дағдарыстан шығу шаралары бойынша Президенттің тапсырмасында белгіленген бірден бір бағыт. Елімізде орын алған төтенше жағдай режимі кезінде республика азаматтары көптеген қызметтерді онлайн алды, жұмысқа орналастырылды және мекемелер қызметкерді үйден шықпай-ақ электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа қабылдады. Электронды еңбек биржасы Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен әзірленген. Елімізде 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Қазіргі уақытта электронды еңбек биржасына 203 халықты жұмыспен қамту орталығы, 6 интернет алаң, 4 БАҚ, 54 жеке жұмыспен қамту агенттігі қосылған. Қызметті іске қосқаннан бастап 203 мыңнан астам жұмыс беруші мен 987 мың жұмыс іздеуші пайдаланған. 1 млн. 653 мың бос жұмыс орны мен 1 млн. 296 мың түйіндеме орналастырылған. Биржаның көмегімен бір миллионнан астам адам жұмысқа орналасып, оның ішінде 809 мыңы тұрақты жұмыс орындарына және 307 мыңы уақытша жұмысқа орналасқан. 2020 жылдың бірінші тоқсанында ғана электронды еңбек биржасына Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде 125,4 мың бос жұмыс орны орналастырылған. Сайт жұмысының артықшылықтары мен қарқыны туралы Орал қаласының жұмыспен қамту орталығының маманы Ербол Шамғонов баяндады.

– Электронды еңбек биржасы жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң болып табылады. Республика бойынша бос жұмыс орындары мен ізденушілер туралы ақпарат күн сайын түрлі бағытта жаңартылып отырады. Бұл портал бос жұмыс орындары мен түйіндемелер дерекқорына онлайн қол жеткізуге келесідей мүмкіндіктер береді: жеке кабинетті тіркеу және бос жұмыс орнын немесе түйіндемені орналастыру; берілген критерийлерге сәйкес (қызмет саласы, кәсібі, аймағы) порталда қайта жарияланатын бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді жіберуге жазылу және электронды мекен-жайыңызда немесе telegram мессенджеріне алу; Сонымен қатар, кәсіптік бағдар беру тестінен өту, порталда тест нәтижелеріне сәйкес бос жұмыс орындарын табу жəне "виртуалды кеңесші" модулі арқылы он сегіз мемлекеттік қызмет бойынша консультациялық көмек алу ұсынылады. Қазіргі карантин кезеңінде электронды еңбек биржасының жұмысы ерекше өзекті. Біздің облыс бойынша портал жұмысы кезінде 8000 – нан астам бос жұмыс орны жарияланды, - деп атап өтті Ербол Шамғонов.

Жалпы, жұмыс берушілер арасында кәсіби мамандар, қызмет көрсету және сату саласының қызметкерлері, құрылыс, көлік, медицина және өзге де қызметкерлер сұранысқа ие.

Порталдың Facebook, VK, OK, Twitter, Instagram желілерінде ресми парақтары бар. Ресми беттерде күн сайын бос орындар және порталдың статистикалық деректері туралы ақпарат жарияланады.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале