2.12.2020, 20:55
Оқылды: 82

Боздақтарға арналған ескерткіш ашылды

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында Ұзынкөл ауылдық округінде боздақтарға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.

IMG_0577

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті ашу құрметі аудан әкімі Азамат Сафималиев пен Ұзынкөл ауылдық кеңесінде дүниеге келген, Ұлы Отан соғысы жылдары II Беларусь майданындағы 290-ыншы Қызыл Ту орденді Могилев атындағы атқыштар батальонының командирі болған, ерлікпен қаза тапқан батыр Ажыхан Дүйсеновтың қызы Клара Ажыхановаға берілді. Аудан басшысы және Ұзынкөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Камал Ажығалиев ескерткішке гүл шоғын қойып, бір минут үнсіздікпен боздақтарды еске алды.

IMG_0603

Шара барысында аудан әкімі Азамат Сафималиұлы жерлестерді құттықтап, ескерткішті орнатуда атсалысқан және соғыс ардагерлерінің тізімін жасауда үлес қосқан Ахмедияр Батырхановқа, Нұрлан Едігеновке, ауылдық мәдениет қызметкерлеріне, ауыл жастарына алғысын білдірді. Сонымен қатар ол құрылыс жұмысын уақтылы аяқтап, қосымша қаржылай демеушілік көрсеткен аудандық мәслихат депутаты Есқайыр Елемесов пен кітапхана саласының ардагері Мәриям Неғметоваға өз атынан алғысхат табыс етті. Ұзынкөл ауылының ақсақалы Махамбет Нысанбаев ауыл тұрғындары атынан басшылар мен демеушілерге алғысын білдірді.

IMG_0587

Айта кетейік, боздақтарға арналған ескерткіш тақтаның құрылыс жұмысына жергілікті бюджеттен 1 млн. 400 мың теңге қаржы бөлінген. Ескерткіш тақтаға Ұзынкөл және Мұратсай ауылдық кеңесінен әскерге шақырылып, Ұлы Отан соғысынан оралмағандар және майданнан елге аман-есен оралып, бейбіт өмірде қайтыс болған, соғыстан кейінгі жылдары Ұзынкөл ауылында мекен еткен 320 ардагердің аты-жөні енгізілді.

IMG_0592

Мәліметтер 1999 жылы Орал қаласынан жарық көрген «Боздақтар» кітабының 6 томынан, Жәнібек аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінен, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен, «Память народа» және «ОБД-мемориал» сайттарынан алынды.

Гүлзара Тілекқабылқызы,
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале